Арыстағы төтенше жағдайдан кейін зардап шеккендердің саны 46 адамға жетті, олардың бесеуі – бала.
Шымкент денсаулық сақтау басқармасы Sputniknews.kz ақпарат агенттігіне Арыс қаласындағы жарылыстан кейін медициналық көмекке жүгінген зардап шегушілер туралы хабарлады.
«Арыстағы төтенше оқиға кезінде зардап шеккен отыз төрт адам Түркістан облыстық клиникалық ауруханасына жеткізілді. Әр түрлі жарақат алған тағы 12 адам Шымкент қаласының № 1 ауруханасына өздері келді, олардың арасында бес бала бар», - деп ақпарат берді ведомствоның баспасөз қызметі.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, дәрігерлер кішкентай науқастарды қарап шыққаннан кейін облыстық балалар ауруханасына жіберді. №1 қалалық ауруханасының жан сақтау бөлімінде бір адам жатыр. Оның жағдайы ауыр деп бағаланып отыр.