Алматыда футболдан әлем чемпионатының финалдық ойынынан жігіттер арасында жанжал шығып, біреуі төртінші қабат терезесінен секіріп кеткен, деп хабарлайды Алматы телеарнасы.
Жігіттердің арасында айғай-шу ұлғайған сәтте сол маңдағы көршілердің бірі құқық қорғаушыларға хабарлайды. Алайда, орган өкілдері жедел жетіп барса да азамат терезеден секіріп кеткен екен. Абырой болғанда, өз-өзін терезеден лақтырған адам аман қалып, бірақ, жедел дәрігерлік көмекке зәру күйде жатқан.
Артынан анық болғандай, әлгі жігіттер отырған жалдамалы пәтердің іші қызыл ала қан болған. Өзара жанжалдың ақыры әлгі жігіттің терезеден секіруімен аяқталғанға ұқсайды. Құқық қорғаушылар болса, жанжал футбол ойынынан туындады деген болжам жасап отыр. Себебі, үш жігіттің бас қосып отыруына да осы әлем чемпионатының финалдық ойыны себепші болған.