$ 498.34  519.72  4.85

Өмірзақ Шөкеев: «Арыс қаласына тұрғындарды апта соңында кіргізетін боламыз»

«Уақытын нақты 28 маусым күні хабарлап айтамыз. Себебі, халықтың қауіпсіздігі үшін қаланы әлі де толық тазартуымыз қажет», - деді Өмірзақ Шөкеев.
Фото: DKNews.kz
Фото: DKNews.kz

Бүгін Түркістан облысы, Ақжол ауылы, Жамбыл атындағы орта мектепте Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қатысуымен баспасөз-мәслихаты өткізілді. Жиынға облыс әкімімен қатар Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаев, ТЖД өкілі, Қазақстан Республикасының бас санитар-дәрігері Жандарбек Бекшин, облыс прокуроры, аймақтық ветеринарлық инспеция өкілі қатысты. Өңір басшысы елді мазалаған өткір әрі өзекті сұрақтарға жауап беріп, Арыстағы жағдай тұрақталып, қауіптің беті сейілгенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қазіргі таңда Арыс қаласындағы төтенше жағдай толық бақылауға алынды. Еліміздің Қорғаныс министрлігі мен Төтенше жағдайлар жөніндегі комитет, облыс әкімдігі, ішкі істер департаментінің өкілдері тарапынан Арыс қаласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өрт толық сөндіріліп, көшелер мен үйлер тексеруден өткен.

«Арыс қаласына тұрғындарды апта соңында кіргізетін боламыз. Уақытын нақты 28 маусым күні хабарлап айтамыз. Себебі, халықтың қауіпсіздігі үшін қаланы әлі де толық тазартуымыз қажет. Тұрғындарды қалаға кіргізу үшін Арыс қаласы 17 секторға бөлінді. Осы секторларға облысымыздың 16 ауданынан 640 жауапты (1 аудан - 40 адам) азамат бекітілді. Тұрғындар үйіне оралған соң тұрғын-жайларына келтірілген шығындар бойынша бекітілген қызметкерлер фото-видеофиксация жасайды. Осы материалдар келтірілген шығындарды есептеуге көмек береді. Тұрғындарды үйлеріне орналастыру үшін облыстық полиция қызметкерлері мен дәрігерлер, төтенше жағдай департаменті мен құзырлы мекемелер үздіксіз қызмет көрсетеді. Арыс қаласы толық қалпына келеді. Алаңдайтын ештеңе жоқ. Мемлекет тарапынан арыстықтарға қолдау көрсетіледі. Бұл қиындықты да бірге еңсере аламыз», - деді Өмірзақ Шөкеев.

Сондай-ақ Арысқа арнайы келген Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев апатқа қатысты өз ойын білдіріп, республика бойынша ашылған гуманитаралық көмек туралы айтып өтті.  

«Бүгінгі таңда 9 облыстан гуманитарлық көмек жеткізілді. Барлық облыстарда Арыс қаласына көмек беру бөлімдері ашылды. Бұл - қазақстандықтардың арыстықтарға көрсетіліп жатқан қайырымдылық шарасы. Алдағы уақытта құрылыс материалдарын жеткізуге мұрындық боламыз»,  - деді Әшімбаев.  

Айта кетейік, Арыстағы төтенше жағдайдың шығыны мен зардабын жою үшін облыс әкімдігі тарапынан арнайы қор құрылды. Қазірдің өзінде бұл қорға 200 миллион теңгеден аса қаржы жиналып үлгерді. Өңірлерден гуманитарлық көмектер де жеткізіліп жатыр. Алдағы уақытта шығындар көлемі анықталған соң нысандарды қалпына келтіру жұмыстары басталады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары