$ 494.87  520.65  4.91

Жаңа жүйе бойынша жүргізушілер куәлік ала алмай жүр (ВИДЕО)

Ішкі істер министрлігі көліктерді рәсімдеу мен жүргізуші куәлігін беруді орталықтан бақылау үшін 1-шілдеден бастап веб-модуль енгізген болатын.

Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы ұзын-сонар кезектің себебі белгілі болды, деп хабарлайды «КТК» арнасы. 

Көлік жүргізушілерін әуреге салған жаңа компьютерлік бағдарлама. Ішкі істер министрлігі көліктерді рәсімдеу мен жүргізуші куәлігін беруді орталықтан бақылау үшін 1-шілдеден бастап веб-модуль енгізген болатын. Алайда отандық компания өндірген компьютерлік бағдарламада ақау кетіп, аптап ыстықта жұрт мамандандырылған қызмет көрсету орталығында сеңдей соғылысып жүр.

1 шілдеден бастап кезекті реформаны қолға алған Ішкі істер министрлігі жаңашылдыққа дайын болмай шықты. Соңғы екі тәулікте еліміздің түпкір-түпкіріндегі көлік жүргізушілері халыққа қызмет көрсету орталықтарында сабылып жүр. Мамандар тиісті құжатты қабылдағанымен жауапты ведомостваның ақпараттық базасы баяу жұмыс істеуде. Көлігін тіркетіп немесе жүргізуші куәлігін ауыстыруға келген жұрт сағаттап кезекте тұруға мәжбүр. Алматыдағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында адам нөпірі көп. Залда да, сыртта да отыратын жоқ. Бар шаруасын кейінге ысырып, орталықты торауылдап жүргендердің барлығы - көлік жүргізушілері. Бәрінің тағаты таусылса да қас-қарайғанша жүруге дайын.

«Машинамды сатып едім. Құжаттарын істей алмай жатырмын. Не айтпайды, не бермейді. Елді жинап қойып отыр» - деді Алматы қаласының тұрғыны Асқар Өскенбаев.

Кешеден бастап Ішкі істер министрлігі жүргізуші куәлігін беретін тіркеу-емтихан бөліміндегі қызметін халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы мамандарға өткізді. Яғни алдағы уақытта «Үкімет азаматтар үшін» мемлекеттік корпорациясының мамандары жүргізуші куәлігін алушылардан теориялық және тәжірибелік емтихандарды қабылдайды деген сөз. Алайда, көлікті тіркеу мен жүргізуші куәлігін беру ісі Ішкі істер министрлігінің құзырында қалады.

«Емтихан тіркеу бөлімдері бөлек жұмыс істейтін болады. Яғни электрондық түрде. Бег офис пен фронт-офис арасында алшақ қызмет көрсететін боламыз. Осыған орай ақпараттық қызмет көрсету баяу істеп жатыр. Бірақ қазіргі кезде ақпараттық қабылдау ақырындап өз қалпына келіп жатыр» - деп түсіндірді Алматы қаласы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Сәкен Байғалиев.

Осылайша қашықтықтан басқарылатын шаруа Алматыны ғана емес, еліміздің әр түкпіріндегі жүргізушілерді әбіргерге салуда. Деректер базасындағы ақау өскемендіктердің де төзімін тауысты. Талон берілмегендіктен тұрғындар параққа аты-жөндерін жазып тізім құрған. Алайда оның жылжитын түрі жоқ.

«Кешеден бері осындамыз. 200 адам жазылды. Қолымдағы тізімге қараңыз. Жауаптылар болса қажетті бағдарламаны бүгін орнатып жүр. Неге алдын-ала дайындалмайды? Күн ыстықта әбігерге түстік», - дейді Өскемен қаласының тұрғыны Сәуле Шәріпова.

Жүргізуші куәлігін беру мен көлік құралдарын тіркеуге полицияны мүлдем араластырмай, жемқорлықты жоюға кіріскен министрлік болған келеңсіздікті жақын арада жоямыз деп сендіріп отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары