05.07.2019, 16:28

Мұхтар Тайжан: «Жер мәселесі түбегейлі шешілетін болады»

Фото: esquire.kz
«Күзде жаңа заңның дайындалуына кірісеміз, 2003 жылы қабылданған Жер кодексін түзетеміз», - деді Мұхтар Тайжан.

Экономист Мұхтар Тайжан жер мәселесіне байланысты алдағы күзде жаңа заң дайындалатынын айтты. 

«Жер мәселесін ұмытқан жоқпын. Осы аптада елордада біраз маңызды кездесулер өткіздім. Амандық болса, күзде жаңа заңның дайындалуына кірісеміз, 2003 жылы қабылданған Жер кодексін түзетеміз», - деді Мұхтар Тайжан. 

Сондай-ақ, ол ауыл шаруашылығы мақсатында қолданылатын жер жеке меншікке сатылмайтынын жеткізді. 

«Ауыл шаруашылығына арналған, яғни үлкен көлемдегі жерлер тек жалға, әрі тек Қазақстан азаматтарына 49 жылға дейін ғана беріледі. Бұндай жерлерден жеке меншік институтын (жеке меншігіне сату) мүлдем алып тастап, жалға беру институтын орнатамыз. Бұл норма 5 жылдық мораторимен ғана емес, түбегейлі шешілетін болады. Бұл жұмысты әдеттегідей қоғамға ашық қыламыз», - деп жазды ол Facebook-парақшасында.

Айта кетсек, бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Қазақстанда шетелдіктерге жер сатылмайтынын және уақытша қолданысқа берілмейтінін атап өтті.