Алматыда ірі жол апаты болып, 17 жастағы жолаушы көз жұмды, деп хабарлайды sputniknews.kz.
Оқиға Үлкен Алматы каналының бойындағы көшеде, Аққайнар көшесімен қиылысатын тұста болған.
Куәгерлердің айтуынша, Daewoo Gentra автокөлігі бағдаршамның қызыл шамына тоқтап тұрған.
Сол сәтте дәл осы бағытта қоқыс таситын көлік келе жатқан. Белгісіз себептермен жүргізуші рөлге ие бола алмай, Daewoo Gentra-ға соғылған. Жеңіл көлік қатты соққыдан айналып барып Аққайнар көшесінде тоқтаған.
Қоқыс таситын көлік қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Үлкен Алматы каналының бойындағы көшемен шығыс бағытта келе жатқан Ivecо-мен бетпе-бет соқтығысты. Қатты соққыдан қос машина да бордюрге ұшып кетіп, арыққа түскен.
Оқиға орнына дереу құтқарушылар шақырылды. Iveco автокөлігіндегі зардап шеккен жолаушыларды шығару үшін оларға металды кесуге тура келді.
Жол апаты салдарынан Iveco жолаушысы, 2002 жылғы жігіт оқиға орнында көз жұмды. Автокөлік жүргізушісі жақын маңдағы ауруханаға жеткізілді.
Қоқыс таситын көліктің жүргізушісі мен екі жолаушысы да ауруханаға жатқызылды.
Оқиға орнында жол полициясының қызметкерлері мен анықтаушылар жұмыс істеп жатыр.