Қызылорда қаласы «Қызылжарма» жер асты суына қосылды. Осы уақытқа дейін тұрғындар арнайы тазартқыш сүзгіден өткізілген дарияның суын тұтынып келген болатын. Енді міне, сапалы, таза жер асты суы халық игілігіне пайдалануға берілді.
Тұрғындардың қуанышымен бөліскен облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қызылордалықтарды мерекемен құттықтады.
- Қызылорданың тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету осы уақытқа дейін шешімін таппаған күрделі мәселе болатын. Бұған дейін де біраз жұмыс жасалды. Алайда, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында бұл түйткіл толықтай шешілді. Аталған бағдарлама арқылы биыл 3,6 млрд. теңге қаржы бөлініп, «Степь» су тоғаны салынды. Қыруар жұмыс атқарылды. Енді міне бүгін Тұңғыш Президент күнінен бастап қызылордалықтар таза ауыз су тұтынатын болады. Мереке құтты болсын, - деді облыс әкімі.
Судың сапасы бұрынғыға қарағанда 10 есеге артты. Мәселен дарияның суының қаттылығы сүзгі станциясының тазартуынан кейін 11,1 болса, «Қызылжарма» жес асты суның көрсеткіші 1,4 құрап отыр. Мамандардың айтуынша бұл су арнайы сүзгіден өткізуді қажет етпейді.
Дәл осы күні мерекеге орай Тасбөгет кенті мен Қызылжарма ауылын көгілдір отынға қосу шарасы өтті. Қызылорда қаласына қарасты екі елдімекен тұрғындары енді толық табиғи газды тұтынатын болады. Кентке газ құбырларын тарту үшін республикалық және облыстық бюджеттен 727,4 млн. теңге бөлінген. Ал Қызылжарма ауылында 1 млрд. 432 млн. теңгенің жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде облыс орталығы қазірдің өзінде 95 пайыз табиғи газбен қамтылды.