Синоптиктер 3-5 желтоқсанға арналған ауа райы болжап, таяу күндері ауа райы күрт бұзылатынын айтты, Бұл туралы «Қазгидромет» кәсіпорны хабарлайды.
Синоптиктердің мәліметінше, таяу күндері Қазақстанда жылы және жауын-шашынсыз ауа райын ұстап тұрған Сібір антициклонының сілемдері бұзылады және шығысқа қарай жылжиды. Оның орнына Каспий теңізінен атмосфералық фронттар мен циклон келеді.
«Осыған байланысты жақын арадағы үш тәулікте республиканың көптеген облысында ауа райы бұзылады, жауын-шашын, жаңбыр, қар, тұман, көктайғақ болады. Сонымен қатар, желдің жылдамдығы секундына 15-25 метрге дейін жетеді. Температура орташа көпжылғы мәннен 1-5 градус, оңтүстікте 5-10 градус жоғары болады», - деп хабарлады метеорологтар.