$ 494.87  520.65  4.91

Халық банкке кибершабуыл жасаған түркиялықтар болуы мүмкін

Банк клиенттерінің ақшасын жымқыруды мақсат еткен олар ресми интернет-ресурсқа ұқсатып homeYbank.com, hometbank.com, homebankis.com секілді әріптерін өзгертіп, қулық жасаған.
Фото: 7kun.kz
Фото: 7kun.kz

Халық банктің homebank.kz қызметін пайдаланушыларына жасалған кибершабуылға Ұлттық қауіпсіздік комитеті араласты. Өйткені homebank.kz интернет-ресурсына шабуыл көбейген, деп хабарлайды «Астана» арнасы.

Банк клиенттерінің ақшасын жымқыруды мақсат еткен олар ресми интернет-ресурсқа ұқсатып homeYbank.com, hometbank.com, homebankis.com секілді әріптерін өзгертіп, қулық жасаған. Мұны Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары анықтады. Яғни, банк клиенттеріне жалған сілтеме жіберіп, олардың ақпараттарын иемденеді. 

«Кибер шабуылдарды талдау және тергеу орталығы» бүгінде алаяқтықтың құрбаны 1000-нан асып жығылатынын жеткізді.

Сондай-ақ, зерттеу жүргізген олар хакерлер түркиялық азаматтар болуы мүмкін деген болжам жасады.  

«Жалған сілтемелерді таратқанда қолданылған IP адрестер түркиялық ұялы байланыс операторына тиесілі және түрік тілі қолданылған. Сондай-ақ, ары қарай қазбалай келе дәл осындай қулықпен олардың Грузиялық банктің біріне шабуыл жасағанын анықтадық. Біз Түркия елінің билігіне шығайын десек, жеке компания болғандықтан рұқсат жоқ. Бұл мәселеге Халық банк өзі шындап кірісуі қажет», дейді Кибер шабуылдарды талдау және тергеу орталығының директоры Арман Абдрасилов.     

Ал Банк өкілдерінің айтуынша, әзірге зардап шеккен клиенттерден ешбір шағым түспеген. Сондай-ақ мұндай шабылдар жиі қайталанып тұрады.

«Мұндай сайттарды үнемі анықтап отырамыз. Бұл жекелеген жағдай деп айта алмаймыз. Алаяқтар үнемі жасап, таратып отырады. Олар үшін бұл жеңіл ақша, табыс алудың оңай жолы. Банк киберқауіпсіздікке көп ақша бөліп отырады, өйткені бұл сала бүгінгі күні Ұлттық банкпен айтарлықтай реттелген», - дейді банктің Ақпараттық ресурстар қауіпсіздігі департаментінің директоры Евгений Белов.

Еске сала кетейік, бұған дейін Халық банктің 210 тұтынушысы хакерлерден жәбір көргенін жазған болатынбыз. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары