Шымкенттік полицейлер рейдтік шара барысында суық қаруланып, қаланы кезген бір топ бозбаланы ұстады деп хабарлайды ОҚО ІІД баспасөз қызметі.
Тәртіп сақшылары "Лада-Приора" маркалы көлікті тоқтатып, оны тексеру барысында ішінен 16 колибрлі шолақ мылтық пен "Оса" травматикалық тапаншасын тапқан. Мылтық 21 жастағы көлік жүргізушісінен тәркіленсе, екінші суық қару көлікте отырған екінші бозбаланың қалтасынан шықты.
Айта кету керек, көлікте болған балалардың ең үлкені 21 жаста болса, ең кішісі 19-да. Полицейлер оларды уақытша ұстау абақтысына қамап, қылмыстық іс қозғады. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.