Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бейбітшілік пен келісім мәдениеті» II Халықаралық медиа-форумының қорытындысына арналған брифинг өтті.
Мәжіліс депутаты Ахмед Мурадов, Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының сектор меңгерушісі Нәзипа Шанаи, Еуропалық интеграция орталығының директоры Юрий Шевцов (Беларусь Республикасы), «Әл-Арабия» телеарнасының жүргізушісі, саясаттанушы Хадж Басель (Сирия Араб Республикасы), «Вести сегодня» газетінің шолушысы Владимир Решетов (Латвия) және журналист-саясаттанушы, ТМД елдері сарапшылары лигасының мүшесі Тофиг Аббасов (Әзербайжан) қатысқан бұл жиында ҚХА-ның «Бейбітшілік пен келісім мәдениеті» II Халықаралық медиа-форумының маңыздылығы, онда қозғалған мәселелердің өзектілігі әңгіме арқауына айналды.
Бірінші кезекте сөз алған Мәжіліс депутаты Ахмед Мурадов Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы аясында ауқымды шаралар атқарылғанына тоқталды. Оның айтуынша, Ассамблея құрылғалы бері халықпен, жергілікті атқарушы билікпен тығыз байланыс орнатып, нәтижелі жұмыстар атқарған. Қазіргі таңда этносаралық татулықты жүзеге асыру бағытындағы қазақстандық модельдің қалыптасуы осы қоғамдық институттың жемісті қызметінің бір көрінісі.
Сондай-ақ, депутат Ассамблеяның шетелдік әріптестерімен түсіністікпен жұмыс істеп отырғанын, Қытай, Оңтүстік Корея және Ресей сынды мемлекеттерге іссапарлар ұйымдастырылғанын атап өтті.
Оның сөзіне қарағанда, «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға бірқатар өзгерістер енгізілетін көрінеді.
– «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. Заңға енгізілген өзгеріске сәйкес, ҚХА сессиясының шешімін бүкіл билік органдары, Ассамблея мүшелері, ҚХА Кеңесінің мүшелері – облыс әкімдері, бірқатар мемлекеттік органдар басшылары орындауға міндетті. Сондай-ақ, заң талабына сай, ҚХА-ның өткен сессиясында қойылған міндеттерді жүзеге асыру бойынша жыл сайын Ассамблея Төрағасына есеп беру туралы өзгеріс енгізілді. Заңды Сенат қабылдады, жақында қол қойылып, бекітілмек, – деді депутат.
Бұған қоса, ол Қазақстан халқы Ассамблеясы бірлік пен келісім сақтау үшін медиация ісіне араласатынын, бұл өз кезегінде ұйым қызметінің бір бөлігі болатынын мәлімдеді.
Басқосуда Юрий Шевцов, Хадж Басель, Владимир Решетов және Тофиг Аббасов форумның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, мұндай жиындардың өте қажет екенін айта отырып, өздерінің алған әсерлерімен бөлісті. Сонымен қатар, олар этносаралық татулықты сақтаудағы қазақстандық модельдің артықшылықтарын, тиімділігін өз елдеріне жеткізетіндерін айтты. Осы орайда В.Решетов:
– Форумға қатыса отырып, көп əсер алдым. Медиа-форум жоғары деңгейде өтті. Қазір Қазақстан халқы Ассамблеясының тəжірибесі əлем бойынша шиеленістер көбейіп тұрған шақта өте керек. Латвияда ҚХА сияқты құрылым жоқ. Біздің ел де көпұлтты. Елімізде этностық ұйымдар бар болғанымен, оларды біріктіретін құрылым жоқ. Қазақстанның 20 жылғы тəжірибесі өз алдына жеке институт. Сондықтан, Қазақстанда көрген-білгенімді біздің жаңа Президентке, латвиялықтарға жеткізуге тырысамын, – деді.
Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының сектор меңгерушісі Нәзипа Шанай өз кезегінде II Халықаралық медиа-форумның негізгі мақсатын сөз етті.
– Кешегі өткен медиа-форум – журналистерге арналған үнқатысу алаңы болды. Бұл шараның өткізілуінде өзіндік мән бар. Қазіргі таңда болып жатқан шаралардың көбісі жалпы халыққа, әлемге журналистер арқылы тарайды. Журналистердің қолында үлкен құрал, үлкен қару бар. Ол қару – сөз. Бүгінгі таңдағы өзекті мәселе, ол медиа мәдениет. Сол мәселе кеше талданды. Медиа-форум барысында көптеген ұсыныс айтылды, – деді Н.Шанай.
Н.Шанайдың сөзіне қарағанда, ҚХА жанынан медиация орталығын ашу туралы арнайы шешім қабылданған.
– Қазір медиация мәселесі өте маңызды. Қазақтың бұрынғы тарихында түрме болмаған. Атам заманнан келе жатқан билер институтына келетін болсақ, оның мақсаты – жазалау емес, біріктіру, татуластыру. Бүгінде ұйым алдында тұрған негізгі мақсат – медиацияны дамыту. Бұл мәселені сотқа жеткізбей шешуге мүмкіндік береді. Ал бұл мәселеде журналистердің рөлі ерекше. Себебі, журналистердің айтып, жазғандарына халық құлақ түреді, оқиды. Сондықтан, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан медиация орталығын ашу туралы шешім қабылданды, – деді ол.