Еліміз тәуелсіздік алғанына жақында 24 жыл толады. Бұл жылдарды ұлы бастамалардың, ұтымды шешімдердің, ерен еңбек пен табыстардың кезеңі тұрғысында халқымыздың тарихында қалатындығымен ерекшеленеді деп білеміз.
Осы уақыт өлшемінде әртүрлі дағдарыстардан мемлекетіміз қиналмай өтіп келеді деуге болады. Қазіргі таңда еліміз, дербес мемлекет ретінде, жан-жақты және үйлесімді даму үстінде. Біздің мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жүзеге асырылуда. Сондықтан да, осы аралықтағы еліміздің өркендеуінің әртүрлі салаларында қол жеткен жетістіктерін Елбасының сындарлы саясатымен байланыстыру керек.
Кез келген мемлекет өзінің қалыптасуында стратегиялық міндеттері мен тактикасын тарихи жағдайларға байланысты жүйелі түрде айқындап алатындығы күмән тудырмайды. Мемлекеттің қалыптасуы мен дамуы жолында қолға алынатын стратегия қоғамның перспективалы болашағына байланысты болуымен де ерекшеленеді. Әрбір мемлекет өз алдына көздеген жаңа тактикалық мақсаттарды іске асыру шараларын белгілей отырып, сол бағытта іргелі істер атқарады. Осы орайда Елбасының таңдауы мен ұстанымы халқымыздың болашағын тереңнен танудың жолы екендігіне көзіміз жете түсуде. Ал болашақ алыстағы абстрактылы көкжиек емес, нақты бүгіннен басталып, өткеннен үлгі алу ретінде анықталады.
Елімізде ХХІ ғасырдың алғашқы жылдарынан басталған әлемдегі қаржы дағдарысының, яғни құлдырау мен рецессияның ұлттық экономикаға тигізер ықпалын залалсыздандыру қолға алынуда. Сонымен қатар, экономикамызды көтеру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Әлемдік қаржы дағдарысының алғашқы жылдарынан бүгінгі күнге дейінгі аралықта экономиканың өсу қарқынының көрсеткіші бойынша күрт өзгерістердің куәсі болып отырмыз. Тіптен, бұл еліміздің экономикалық жаңа қарқынды даму құбылысы ұзақ мерзімді және бұрынғы жағдайлар қайтып келместей өзгергендігін негіздейді. Осы орайда, Елбасымыздың Қазақстанның 2050 жылға дейінгі кезеңге арналған даму стратегиясы жүйелі әрі кезең-кезеңімен терең ойластырылғандығының арқасында өз жемісін беруде деп айта аламыз. Ал жаңа жылдан бес институттық реформа мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына үміт артылатын болады.
Қазіргі таңда еліміз жер бетіндегі мұнай мен газ, металл мен жоғары сапалы бидай өндіруші мемлекеттердің қатарында екендігі баршаға аян. Ал экономикамыз мықты болу үшін біздің елімізде неғұрлым көп және алуан түрлі тауарлар өндірілуі керек. Демек, елімізде индустрияландыру мен инновациялық өндіріс құруды қолға алуымыз, түсініктірек тілмен айтсақ, шикізат емес, дайын бұйым шығаратын кәсіпорындарды қалыптастырудың оң қадамы ретінде бағалауға болады.
Бұл ретте, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қазіргі жағдайда және болашақта болатын құбылыстарға сәйкес келетін іс-шаралар жүйесін құрастыру мен дағдарыс салдарынан болатын жағымсыз құбылыстарға қарсы тұра алатын жоспарлар ұйымдастырылып отыр. Оған дәлел – елімізде дамудың үдемелі индустриялық-инновациялық мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылып жатуы. Мұндағы негізгі мақсат – қазақстандықтардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын қалыптастыру, отандастарымыздың тұрмыс-тіршілігін, өмірі мен денсаулығын бүгінгіден де жақсарта түсу. Осыған байланысты ел экономикасын дамытуда отандық кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау бағдарламасы іске қосылды.
Аталған, бағдарламада болашақ өзін өзі қамтамасыз етушілер тобына жататындар есебінен отандастарымызды нақты өскелең, өміршең экономикамен айналасуға бейімдеу бастамасының қолға алынуы және еліміздің жарқын болашағын жасаудың, т.б. тетіктерінің қарастырылғанын атап өтуіміз керек. Бағдарлама аясындағы іс-әрекеттердің арқасында Қазақстан өркендеп, эконономикамыз көтеріліп, халқымыздың тұрмыс-тіршілігіндегі түйткіл мәселелерді шешудің жолдары табылады. Яғни, бағдарламадағы шараларды іске асыру негізінде еліміз әлемдік кеңестікте қазақтардың тәуелсіз мемлекеті ретінде ғана емес, орасан даму қабілеті бар еңселі ел ретінде қалыптасатындығына сенеміз.
Бүгінгі таңда елімізде экономиканы, халық тұрмысын көтерумен қатар, ғылым мен білімді халықаралық деңгейге жеткізу бағытында ауқымды іс-әрекеттер атқарылуда. Бұл жолда экономиканың дамуын адамзаттың тұрмыс-тіршілігімен үйлесімділікті орнықтыруда жаңаша ғылыми-этикалық таным құру, дүниені бірегей түйсінудің тың ұстанымын байыптау, осы мәселелерге өзіндік бір үйлесімді бағдар қалыптастыру заманның және адамзат баласының кезек күттірмейтін өзекті мәселелерінің бірінен саналады. Осындай мәселелер ғылыми білімділік пен интеллектуалдық және парасаттылық пен пайымдылықты қажет ететіндігі сөзсіз.
Қазіргі дүниежүзіндегі жаһандану үрдісі кезеңінде үдей түскен ақпараттар тасқыны және ғылымның дамуы адамзат баласының алдында күрделі мәселелер қоюда. Әлемдік саяси аренада руханилық пен мәдениетке көңіл бөліп, өмірдің қолайлы тұрпатын қалыптастыру маңызды бағдар болғандықтан, қоғам өзіндік іс-қимылдарын ғылымға баса назар аударудан бастап отыр. Бұл ретте, Қазақ елі дүниежүзіндегі бәсекеге аса қабілетті 30 елдің қатарына ену ұстанымын жүзеге асыруды қолға алды. Елбасы Н.Назарбаевтың ұстанып отырған бұл озық саясаты тек Президенттің ғана емес, барша қазақстандықтардың міндеттеріне айналуға тиісті. Осы орайда, Елбасының айтқан мына сөздері ойға оралады: «Ол жалғыз Президенттің немесе Парламент пен Үкіметтің ғана шаруасы емес. Біз болашағымыздың жарқын болғанын көргіміз келеді. Олай болса, осы іске жеңді түріп кірісуміз керек».
Елбасы осындай жарқын болашаққа қол жеткізу жолын ғылымға баса назар аударып, интеллектуалды ұлт қалыптастыру тактикасынан бастап отыр. Интеллектуалды ұлт қалыптастыру бағдары бүкіл ел болып қолдайтын және болашаққа еркін қол сермейтін маңызды шара. Себебі, интеллектуалды ұлт қоғамның жан-жақты дамуының тірегі және түп негізі болып табылады. Демек, ғылым мен білімді дамыту ел болашағын қалыптастырудың бірден-бір маңызды тетігі деп бағамдаймыз. Оған айқын мысал ретінде Жапония мемлекетін алуымызға болады. Білім мен интеллектауалдылылыққа кең түрде бет бұрған бұл мемлекет қазіргі таңда экономикасы алдыңғы қатарлы дамыған әлемдік елдердің бірінен саналады. Еліміздегі интеллектуалды ұлт қалыптастыру саясаты мемлекетіміздің осындай деңгейлерден көрінетін мәртебесін анықтай алуы мүмкін. Сондықтан да жарқын болашағымызды қалыптастыруда, баршамыз ұрпақтарымызды алдымен білім мен өнегелілікке, ақыл мен парасаттылыққа баулу шараларын қолға алуға тиіспіз.
Бүгінгі таңда әлемдік арена биігіне күш көрсету арқылы шығу мүмкін еместігі баршамызға белгілі. Мұны тереңнен байыптаған Президентіміз осы іс-шараның негізгі түп бастауы еліміздің болашағының интеллектуалды ұлт болып қалыптасуында жатқандығын ұсынады. Оған Елбасының «Назарбаев Университет» студенттері мен профессор-оқытушыларының алдында сөйлеген мына сөздері дәлел бола алады: «Қазіргі уақыт – адамзат биігін білекпен емес, біліммен бағындырудың заманы».
Ғылым мен мәдениетті өрістету қоғамымыздың барлық салаларын озық деңгейге жеткізетін алғышарт, атап айтқанда, экономика, саясат, білім беру, рухани мәдениет, т.б. барлығы да интеллектуалды бастаулардан қалыптасады. Демек, ұрпақтың бойына интеллектуалды тәрбиені сіңіре білсек, еліміздің экономикасы дамып, ғылымымыз бен мәдениетіміз өркендей түсетіндігі ақиқат. Осы ішкі қуаттылықты арттыру мен пайдалану қажеттілігі – бүгінгі таңда Елбасының ішкі саясатындағы басты ұстанымдарының бірі. Мұны бүкіл халыққа тағайындалған мемлекеттік құрметтің белгісі деп тұжырымдай отыра, құқықтық-демократиялық қоғамның бүгінгі таңда және болашақта қол жеткізер жетістіктерінің жобасы тұрғысында қабылдауымыз керек. Бұл – Елбасы саясатының басты тармағы.