Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің ұйымдастыруымен «Зайырлы мемлекет және жоғары руханият – болашағы біртұтас ұлт тұғырнамасы» тақырыбында Қазақстан дінтанушыларының V форумы өтті.
Форумның мақсаты – мемлекеттік-конфессиялық қатынастарды жетілдіру, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу және еліміздегі дінтанулық білім беру сапасын жетілдіру мәселелері бойынша дін саласындағы мемлекеттік органдар мен діни қауымдастық арасындағы үнқатысуды одан әрі дамыту болып табылады.
Форум өз жұмысын мынадай тақырыптық үш бағыт: «Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері: проблемалары мен перспективалары»; «Қазіргі Қазақстан қоғамындағы рухани дәстүрлердің сабақтастығы»; «Білім беру ұйымдарында дінтануды оқытудың ерекшеліктері: проблемалары мен шешу жолдары» атты секциялық отырыстарға құрды.
Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілханов форумдағы құттықтау сөзінде еліміздің дін саласындағы ғылыми сарапшылар қауымдастығының басын біріктіріп отырған дінтанушылар форумы еліміздің зияткерлік және рухани әлеуетін біріктіретін және діни саладағы проблемалық мәселелердің шешімін табу тетіктері пысықталатын толыққанды әрі пәрменді үнқатысу алаңына айналғандығын айта келе: «Сіздер – отандық ғылыми-сарапшылар қауымдастығы, мемлекеттік органдар, діни бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері бүгін «Зайырлы мемлекет және жоғары руханият – болашағы біртұтас ұлт тұғырнамасы» тақырыбында өткізіліп отырған дінтанушылардың мерейтойлық форумына жиналып отырсыздар.
Елбасымыздың ел дамуының зайырлы қағидаттарын ілгерілету және дәстүрлі рухани құндылықтарды кеңінен танымал ету жөніндегі идеяларын ой елегінен өткізу біздің бүгінгі іс-шарамыздың арқауы болуы тиіс. Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында мемлекеттің зайырлы сипатын біздің еліміздің табысты дамуының маңызды шарты ретінде анықтаған болатын. «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясында да зайырлы қоғам мен жоғары руханият басты құндылықтардың бірі ретінде белгіленген», – деді.
Келесі кезекте ол біздің күш-жігеріміз Мемлекет басшысының жоғарыда айтылған нұсқауларын іске асыру шеңберінде зайырлылық пен руханият синтезі, қоғамдық сананы қалыптастырудың жаңа жолдарын іздестіру мәселелерін қарастыруға бағытталуы тиіс екенін атап көрсетті. Дінтанушылар форумы осы жылдар аралығында еліміздің зияткерлік және рухани әлеуетін біріктіретін, дін саласындағы проблемалық мәселелердің шешімін табу тетіктері пысықталатын пәрменді үнқатысу алаңына айналып үлгергенін көлденең тартты. Содан соң осыған дейін өткен форумдар жұмыстарының негізгі қорытындыларына тоқталды:
«Біріншіден, форумға қатысушылардың бастамасы бойынша оның құрамына еліміздің жетекші ғалымдары, дінтанушылары мен теологтары енген Қазақстан дінтанушыларының конгресі құрылды. Екіншіден, форум шеңберінде діни экстремизм мен терроризмнің таралуының алдын алуға және оған қарсы іс-қимылға бағытталған ұсыныстар әзірленіп, кейіннен олар Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада көрініс тапты. Үшіншіден, форумға қатысушылардың ұсынымдары бойынша азаматтардың діни және құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында өңірлерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Атап айтқанда, бүгінгі күнде еліміздің барлық өңірлерінде 415 ақпараттық-түсіндіру топтары қызмет атқарып отыр. Олардың құрамына дінтанушылар, теологтар, жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау органдарының, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері енгізілген», – деді шешен.
Сонымен қатар, ақпараттық-ағартушылық «E-Islam» интернет-порталының және «Қауырт желі-114» жобасының жұмысы таныстырылған болатын.
Төртінші форум толықтай алғанда жалпы білім беру мекемелерінде «Дінтану негіздері» факультативтік курсын оқыту мәселелерін талқылауға арналды.
Форумның бүгінгі күнге дейінгі атқарған жұмыстарына қысқаша шолу жасаған вице-министр:
– Бірлесіп жұмыс атқарып келе жатқан кезең ішінде біз ғылыми және сарапшылар қауымдастығы мен мемлекеттік органдар өкілдерінің дін саласындағы мемлекеттік саясатты пәрменді іске асыру жөніндегі сындарлы сұхбаты мен ынтымақтастығына қол жеткізе алдық. Бұл, өз кезегінде, еліміздегі конфессияаралық келісімді нығайта түсуге және мемлекетіміздің тұрақты дамуына септігін тигізді. Мен бүгінгі өткізіліп отырған бесінші форум біздің еліміздің бұдан кейін де табысты дамуы үшін қажетті жаңа идеяларды ұсынуға өзінің лайықты үлесін қосатындығына сенімдімін, – деп форум жұмысына сәттілік тіледі.
Ол, сондай-ақ, бүгінгі іс-шара ең алдымен Елбасы Н.Назарбаевтың еліміздің дамуындағы зайырлы қағидаттарды ілгерілетуге бағытталған идеяларын ой елегінен өткізуге және қоғам өмірінде дәстүрлі рухани құндылықтарды кеңінен насихаттауға бағытталады деп тұжырымдады.
Аталған шараны «Қазақстан дінтанушыларының конгресі» ҚБ төрағасы, философия ғылымдарының докторы, профессор Айдар Әбуов жүргізіп отырды. «Қазақстан – түрлі дін мен ұлт өкілдерінің бірлік пен келісімде бірге өмір сүре алатынының жарқын мысалы. Қазақстандағы дінаралық қарым-қатынастың платформасы – «Мәңгілік Ел» жалпыға ортақ міндет жолында табысты және құрылымдық ынтымақтастыққа негізделген», – деді А. Әбуов.
Оның айтуынша, өткен ІV форум беделді ғалымдар, дінтанушылар, сарапшылар, діни проблема саласындағы идеологтар мен мемлекеттік биліктің өкілдері үшін тиімді және ашық алаңға айналғанын көрсетті. «Мемлекеттік саясаттың дін саласындағы стратегиялық мақсаты баяғыша бір – ақсүйектік мемлекет пен діни бірлестіктердің мүддесі арасында тепе-теңдік орнату. Ақсүйектік мемлекет, ақсүйектік қоғам негізін қалаушы құндылықтар Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың халыққа Жолдауында көрініс тапқан. Мемлекеттің ақсүйектік мінезі – Қазақстанның табысты инновациялық және бәсекеге қабілеттілік дамуының маңызды шарты», – деді ол.
Форум аясында Парламент депутаты Камал Бұрханов құттықтау айтса, депутат Бақытбек Смағұл «Болашағы біртұтас ұлт және дін» тақырыбында баяндама жасады. Қара сөзден алдына қамшы салдырмайтын, батыр, патриот, балуан тұлғалы азаматтың діни ағымдар мен діни экстремизмге қарсы және де 18 конфессияның басын біріктірген ортақ қарашаңырағымызды қорғау, жастарды түрлі теріс қылық пен жат ағымдардан сақтау сынды ащы да болса ашық айтқан сөздері форумға қатысушы қонақтарды бейжай қалдырмады.
Содан соң МСМ Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин «Зайырлы мемлекет және жоғары руханият – болашағы біртұтас ұлт тұғырнамасы», Алматы қаласы «Білім» білім беру – мәдениет орталығының директоры Руслан Иржанов «Исламофобия және исламдық радикализм: қауіп-қатер немесе шынайылық?», МСМ Дін істері комитеті Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры Ертас Мұратбеков «Зайырлы мемлекет және оның рухани қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері», МСМ Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры, философия ғылымдарының кандидаты Айнұр Әбдірәсілқызы «Қазіргі діни ахуал жағдайындағы дәстүрлі рухани құндылықтар мен ішкі тұрақтылық мәселелері» деген тақырыптарда және де басқа да қатысушылар дін саласындағы өзекті мәселелер турасында баяндап берді.
Ал түскі үзілістен кейін форум өз жұмысын одан әрі жалғады. Бұл жолы Қостанай облысы Дін істері басқармасының басшысы Нұриқан Нөгербеков «Діни экстремизмнің алдын алуда мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ өзара әрекеттестігі», Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шохаев «Мемлекеттік мүдде және діни құндылықтар сабақтастығы», сол сияқты Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан мен Оңтүстік Қазақстан облыстарынан арнайы дін өкілдері қатысып, өз ойларымен бөлісті. Бүгінгі таңдағы діни ахуалдың жай-күйін егжей-тегжейлі жарыса жеткізген баяндамашылар дін тақырыбында келелі кеңес құрып, тұщымды ой-пікірлерін ортаға салды.
Сонымен қоса, форумға мемлекеттік органдардың өкілдері, дінтанушы ғалымдар, теологтар, жалпы білім беру мекемелерінің «Дінтану негіздері» факультативті курсының мұғалімдері, «Дінтану» мамандығының студенттері мен магистранттары, діни бірлестіктердің, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.