«Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметовтің қатысуымен партия жанындағы мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері жөніндегі «Мирас» республикалық қоғамдық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Күн тәртібінде Елбасы, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы Дала елі» идеясын насихаттау шаралары және Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалуы мәселелері қаралып, мемлекеттік тілдің бизнес пен мемлекеттік қызмет саласындағы қолданылу аясы талқыланды.
Отырысты Парламент Мәжілісінің депутаты, кеңес төрағасы Мәулен Әшімбаев ашып, биылғы жылы үшінші рет өткізіліп отырған бұл кеңес осы кезең ішінде қоғамдағы бірлік пен ынтымақты сақтау, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру бағытында ел зиялылары пікір білдіретін алаң болып айқындалғандығын атап өтті. Кеңестің кезекті отырысында да ауқымы кең, мәні терең мәселелер қамтылғандығын жеткізіп, елдік мәселелерді еркін талқылап, ой бөлісуге шақырды.
Елбасы, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы Дала елі» идеясы – халқымызды бірегей атаудың астына топтастырып, ортақ мақсатқа жұмылдыруды, өзіндік тарихы мен өркениеті, дербес болмысы мен мәдениеті қалыптасқан ел ретінде әлемге танытуды мақсат тұтады. Осы мәселе жөнінде кеңінен тоқталған партия Төрағасының бірінші орынбасары А.Мырзахметов «Нұр Отан» партиясы мәдени және рухани құндылықтарды сақтап, ұлғайтуды өз доктринасында басымдық ретінде белгілеп отырғанын атап өтіп, бұл жобалар Мемлекет басшысының «Ұлы Дала елі» идеясымен тұтастай үйлесім тапқандығын жеткізді. Елбасы ұсынған өміршең ұғымды жүзеге асыруда партия тарапынан бірқатар тың бастамалар қолға алынып жатқандығын мәлімдеді.
Атап айтқанда, «Нұр Отан» партиясы «Ұлы Дала елі» ұғымын білдіретін нышанның (логотиптің) қабылдануына өз үлесін қосып, дизайнерлер арасында конкурс өткізбек. Осы идеяны насихаттауға арналған республикалық іс-шаралар жоспарын әзірлеуді қолға алып, «Ұлы Дала өркениеті» бейне энциклопедиясын шығаруға сеп болмақ. Партиялық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы «Ұлы Дала өсиеті» желісімен халқымыздың кемеңгер тұлғаларының елдік пен бірлікті сақтау туралы айтқан даналық сөздерін жүйелі түрде насихаттамақ. Дала тарихы мен өркениетін, мәдениетін дәріптейтін қысқаметражды фильмдердің түсірілуіне ықпал етіп, әлеуметтік желілер арқылы таратуға мұрындық болмақ. «Жас Отан» жастар қанатының шараларын «Ұлы Дала елі» идеясымен үйлестіріп, «Жас Ұлан» қозғалысын осы идеямен ұштастырмақ.
«Елбасы халықтық бес реформада болашағы біртұтас ұлтты қалыптастыруда мемлекет құраушы ұлт ретінде халқымызға ерекше жауапкершілік жүктелетінін атап көрсетті. Осы орайда, «Мирас» қоғамдық кеңесі шежірелі тарихымыз бен бай мәдениетімізді түгендеуге, рухани құндылықтарымызды жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосып, бүкіл елдің мәдени-рухани өркендеуіне қызмет етіп келеді. Алдағы уақытта қоғамды ортақ идея шеңберіндегі бастамаларға жұмылдырып, жеткен жетістікті еселеу парыз. Бүгінгі кездесудегі басты мақсат – өздеріңізбен осы мәселе бойынша ой бөлісу», – деді А.Мырзахметов.
Мемлекет басшысы ұсынған идеяның аясына қоғамды топтастыру жөнінде өз ұсыныс-пікірлерін білдірген мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, қоғам қайраткері, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Елбасы Қазақстанның бейресми символдық атауын бүкіл әлем бойынша ілгерілету туралы тың міндет қойғандығын атап өтіп, бұл өз кезегінде Ұлы Даланың мол рухани байлығын қоғамдық санада жаңғыртуға бастайтын қадам деп бағалады. Ел зиялылары «Мемлекетімізге «Ұлы Дала елі» аталымының телінуі халқымыздың өткенін бүгінімен жалғап, келешегін кемел етпек. Ұлт уызына баланатын салт-санамызбен қайта қауыштырып, сан ғасырлық болмыс-бітімімізді бекемдей түспек. Сондықтан, еліміздің символдық атауы ұрпақ жадына тәуелсіздік идеясын сыналап сіңіреді», – деп ой түйді.
Еске сала кетейік, Елбасы Қазақстанның балама атауын «Ұлы дала елі» деп атауды ұсынған болатын. «Ұлы Дала» ұғымы – баяғыдан бар ұғым. Дешті Қыпшақ деген сөз қыпшақтың даласы деген сөз. Ұлы Дала ұғымына мынау Алтайдан Қара теңізге дейінгі даланы атайтын болған. Оның негізгі аумағы – біздің қазақтың жері. Біздің даламызда кен де болған, темір де болған, қолөнер де болған, бәрі болған», – деп атап өтті мемлекет басшысы.
Осы орайда президент мұндай ұғымның көптеген елдерде бар екендігін атап өтіп, жапондар күншығыс еліміз, қытайлықтар аспан асты еліміз, кәрістер таңғы шық еліміз деп санайтындығын мысалға келтірді.
«Бізде де сондай ұғыммен теңестіретін болсақ, бізге «Ұлы Дала еліміз» деп айтқан келеді. «Ұлы Дала» мен «Көк аспан» деп те айтуға болар еді. Кең дала – біздің жеріміз. Осы жерде біз тұрып жатырмыз, өсіп жатырмыз, өркендеп жатырмыз, ұрпақ асырап жатырмыз. Осы жерде мемлекетімізді құрып, оны шаңырағын биік қылып, көк тудың астына жиналып жатырмыз. Біздің байрағымыздың өзінде көк аспан, жарқырған күн бейнеленген», – деді Назарбаев.
Президент Қазақстан атауы бүгінгі күні барша әлем халқына танылған атау болып отырғандығын баса атап өтті.
«Бірақ біз халықтың ішінде ұлы даланың ұрпағымыз десек, келіп тұрған сияқты. Ол халықтық атау болуы керек», – деді елбасы.
Кеңестің күн тәртібіне қойылған екінші мәселе – Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалуы бойынша есепті Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілханов жасады. Ол өз сөзінде мемлекеттік бағдарлама аясында жоспарланған шаралардың атқарылуы жөнінде кең мағлұмат берді. Мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілде іс жүргізу кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқандығын мәлімдеп, тіл саясаты саласындағы түйіндерді тарқатуда министрлік тарапынан ұсынылып отырған бастамаларды ортаға салды.
Осы мәселе жөнінде пікір білдірген Парламент Сенатының депутаты Нұрлан Оразалин Елбасының «Ұлы Дала елі» идеясы шеңберінде мемлекеттік тіл де өркен жаюы керектігіне назар аударды.
Кеңес отырысын қорытындылаған М.Әшімбаев маңызды мәселелер қаралған келелі жиында қатысушылар тарапынан құнды ой-пікірлер айтылғанын, бұл ұсыныстар мемлекеттік органдарға тиісті шешім шығару үшін жолданатынын мәлімдеп, жиынға белсене қатысқан кеңес мүшелеріне алғысын білдірді.