$ 494.87  520.65  4.91

«Бүкіл денем қан болды»: арыстық әйел жарылыстан кейінгі жағдайын баяндап жылады

Әлі күнге дейін Жұпар Есмағамбетованың қолында снаряд сынықтары бар. Оларды алып тастау мүмкін емес. Сүйенішінен айырылған ол әрі қарайғы өмірін елестете де алмайды.

Арыс қаласының тұрғыны Жұпар Есмағамбетова жарылыс кезінде күйеуінен айырылғанын айтып жылады. Бүгінде жалғыз сүйенішінен айырылған ол не істерін білмей отыр. Тіпті, 12 жастағы кенже ұлы да Арысқа қайта оралудан бас тартқан, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап.

Айналада жарылыс болып жатқан кезде Жұпар Есмағамбетова күйеуі және 12 жасар ұлы үшеуі алды-артына қарамай жүгіре береді. Үшеуінің де бар мақсаты – қауіпсіз жер табу. 

«Снарядтың сынықтары ұлымның арқасына кірді. Оның бүкіл жері қанға малынды. Менің қолым мен аяғым жараланды. Бүкіл денем қан болды. Біз ауырып тұрсақ та, жүгіре бердік. Бір сәтте күйеуімнің қасымда жоқ екенін байқадым», - дейді Жұпар Есмағамбетова. 

Марқұм Панабек Есмағамбетов жолдың жиегінде жүгіріп келе жатқан. Асфальтке снаряд түсіп, ол ауыр жарақат алады. 

«Ұлым болған жағдайдан кейін қайта оралғысы келмейтінін айтып жылайды. Басынан өткен нәрселерден кейін түнімен ұйықтамайды», - дейді кейуана. 

Әлі күнге дейін Жұпар Есмағамбетованың қолында снаряд сынықтары бар. Оларды алып тастау мүмкін емес. Сүйенішінен айырылған ол әрі қарайғы өмірін елестете де алмайды. 

«Екі күн ғана ұйықтадым. Басқа кезде ұйықтаған жоқпын. Дәрі мен уколдың күшімен жүрмін», - дейді ол. 

Бүгінде Жұпар Есмағамбетоваға күтім керек. Сондай-ақ, үйіне жөндеу жұмыстарын жасау қажет. 

Танымал блогер Тәңірберген Бердоңғаров мұндай жағдайда әрбір тұрғынға міндетті түрде қаржылай көмек көрсетілуі керектігін айтады. Сондай-ақ, ол бұл көмектің миллиондап көрсетілуі керектігін жеткізді. 

Ақырында жесір қалған әйелдің отбасына Түркістан облысы әкімдігі көмектескен. Олар 1 миллион теңге көлемінде ақша берген. Қорғаныс министрлігі де бұл істе шетте қалмағандарын байқатты. 

«Бұл отбасыға материалдық көмек көрсетілді. Кенже ұлы Арыстың басқа балаларымен бірге «Жас сарбаз» атты сауықтыру лагеріне барып келді.

Сондай-ақ, үлкен ұлын Түркістан облысы әкімі қабылдады», - дейді Қазақстан қарулы күштері бас штабы басшысының орынбасары Мұхамеджан Таласов. 

Бұдан өзге тағы бір тұрғын әке-шешесі өзі салып берген үй мен үш бірдей көлігінен айырылғанын айтып налыды.  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары