«Тәуелсіздік алғасын балалардың өз ана тілінде білім алуына жағдай жасалды. Алайда қазір де қалалардағы, аудан орталықтарындағы орыс мектептерінде қазақ балалары оқып жүр», деп «Замана» газетіне қынжылысын жазған Білім саласының ардагері Көшкінбай Елікбаевтың сөзі ащы болса да шындық.
Бұл туралы Qamshy.kz ақпараттық порталы жазды.
Оқу-ағарту ісінің ардагерінің айтуынша, Шымкент қаласындағы №38 гуманитарлық мектеп-гимназиясындағы орыс тілінде оқытатын сыныптардағылардың көбісі қазақ балалары. Қаланың шағын аудандарынан келіп оқып жүр. «Тұрған жеріңізде қазақ мектебі бар ғой. Баланы неге мұнда жетектеп әкеліп оқытып жүрсіз?» – деген сұраққа ата-аналар: «Қазақ мектептері нашар оқытады», – деп жауап берген.
«Ал шын мәнісінде қазақ мектебінің оқыту базасы, жаңа технологиялармен қамтылуы, мұғалімдердің білім деңгейі орыс мектебінен кем емес. Сонда да кейбір ата-аналар «орысша білім алмаса бала күнін көре алмайды, нанын тауып жей алмайды, қызметке тұра алмайды» деген теріс ұғымнан әлі арыла алмай келеміз», – дейді автор.
Ардагер мұғалім өзге тілде оқыған бала өз еліне мұрнын шүйіре қарайтынын айтады.
«Бала өз тілінде тәрбиеленбесе, өз халқына қызмет ете алмайды», – дейді Алаш арысы Ахмет Байтұрсынов. Анығында орыс мектебінде оқыған қазақ баласы өз ана тілінің қайнар бұлағынан сусындап, мейірін қандыра алмайды. Ана тілінде ұлттық құндылықтарымызбен танысып, көкейіне тоқып, болашағына бағыт-бағдар ала алмайды. Себебі уызға жарымаған бала әр нәрсеге, шетелге еліктегіш келеді. Өз ұлтына мұрнын шүйіре қарайды. Өз ұлтын менсінбейтін ұрпақ өз елін де, жерін де сүймейді. Ал өз ана тілінде оқыған жас ұрпақтан ұлтын сүйген ер-азаматтар өсіп шығады. Осы орайда орыс мектебі балаларға ұлттық идеологияны, ұлттық тәлім-тәрбиені бере алмайды. Бала ең алдымен өз ана тілінде білім алуы керек», – дейді Көшкінбай Елікбаев.