Шығыс Қазақстан облысының жолдарында патрульдік полиция авкөліктерінің макет-муляждары пайда болды, деп хабарлайды sputniknews.kz өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі сілтеме беріп.
Муляждар айнытпай жасалған, алыстан шын көлік секілді көрінеді. Жүргізушілер бұл патрульдік полиция экипажының тұраққа орнатып қойған макеті екенін жақындағанда бір-ақ түсінеді.
Қазіргі таңда осындай төрт муляж қойылған. Олар қала сыртындағы ең қауіпті учаскелерде орнатылып жатыр, мұнда жүргізушілер жол қауіпсіздігі үшін жылдамдықты баяулатуы қажет.
Статистика көрсеткендей, Шығыс Қазақстандағы жол-көлік оқиғаларының үштен біріне жылдамдықты асыру себеп болады. 2019 жылдың алты айында 394 жол апаты тіркелсе, оның 124-і белгіленген жылдамдықты асырудан болған.