Оңтүстікамерикалық футбол конфедерациясы Аргентина құрамасының шабуылшысы Лионель Мессиге 2019 жылғы Америка Кубогында көрсеткен қылығы үшін ойындардан шеттетілу мерзімін қайта қарап, алты айға дейін ұзартуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі аргентиналық TyC Sports телеарнасына сілтеме жасап.
Сәрсенбі күні Месси бір матчтан шеттетіліп, оған $1,5 мың көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, 32 жасар шабуылшының 2022 жылы Катарда өтетін әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі алғашқы кездесуге қатыспайтыны айтылған еді.
Америка Кубогы барысында Месси бірнеше шулы оқиғаның қатысушысы болды. Олардың мән-жайы анықталған жағдайда ойындардан шеттетілу мерзімі ұзартылуы мүмкін. Аталмыш мәселенің шешімі келесі аптада белгілі болады.
Месси Америка Кубогында Бразилия командасымен өткен жартылай финалдағы матчтың қорытындысына қатысты төрешілер тарапына сын айтқан. Ойында аргентиналықтар біріншілік иелерінен 0:2 есебімен жеңілген еді. Сондай-ақ, футболшы турнирдегі төрешілер құрамына наразылық ретінде марапаттау рәсіміне қатысудан бас тартып, Чили командасымен үшінші орын үшін өткен кездесуден (2:1) кейін Оңтүстікамерикалық футбол конфедерациясын жемқорлықпен айналысты деп кінә тақты. Матч барысында Месси теріс қылығы үшін ойыннан шеттетілді.
Аргентина құрамасының құрамында Месси 2008 жылғы Бейжің олимпиадасында алтын медаль, 2014 жылы Бразилияда өткен әлем чемпионатында күміс жүлде жеңіп алған еді. Футболшы жыл қорытындысы бойынша әлемнің үздік ойыншысы сыйлығының бес мәрте иегері болып табылады.