Әлеуметтік желілерде қазақстандық қыздың афро-америкалық жігітке ұзатылып жатқан видеосы қызу талқыға түсті. Бұл тойды керекулік асаба жүргізіпті, деп хабарлайды Qamshy.kz.
Оның айтуынша, той Павлодар қаласында 21 шілдеде өткен. Ұзатуды қазақтың салт-дәстүрлеріне сай өткіздім дейді ол. Жігіт жақтан 3 адам келген. Құдаларының шыққан тегі сенегалдық, Франция елінің азаматтары екен.
«Кәдімгі қазақтың күйі, қобызы, сазсырнайының сүйемелдеуімен өтті. Құдалардың өзі қызығушылық танытып, естелікке суретке түстік», - дейді той асабасы.
Асабаның айтуынша, Айзада Түркия елінде елшілікте біраз жыл еңбек еткен. Кейіннен оның қызмет орны ауысып, Ыстамбұлдың беделді мектептерінің біріне жұмысқа орналасқан. Ал күйеу жігіт сол мектепте бағдарламашы болып істеген. Сөйтіп екеуі сол жерде танысқан.
Еске сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде қазақ қызының қара нәсілді азаматқа ұзатылып жатқан видеосы тарап кеткен болатын.
Сондай-ақ, тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы қара нәсілді жігітке тұрмысқа шыққан қызды жақтайтынын айтқан еді.