Алматы облысында ызалы бұқа базардың тас-талқанын шығарды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Оқиға болған жерден түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарап жатыр. Кадрларда оқиға автомобиль нарығында болғаны көрінеді. Себебі барлық жерде көлік бөлшектері, жанар-жағармай материалдары бар контейнерлер шашылып жатыр.
Сондай-ақ, видеодан жануардың контейнерді сүзіп, жолындағының барлығын қиратып жатқанын көруге болады. Ал адамдар айқайлап, әр жаққа қашып жүр.
«Бәрін қиратты. Бәріне тиді», - дейді видео авторы.
Кей қораптардың үстінен қан көрінеді. Оның нақты бұқаға немесе адамға тиесілі екені белгісіз. Бірақ жарияланымда, сондай-ақ, бауыздалған жануардың суреті қоса жүктелген.
«Гүлдала ауылындағы автокөлік базарының аумағына ызалы бұқа жүгіріп келді. Тұрғындар бірнеше контейнерлерді қиратқан жануардың көзін жойды. Зардап шеккен адамдар туралы ақпарат жоқ», - делінген сурет сипаттамасында.