$ 494.87  520.65  4.91

Атамбаевты ұстау операциясы кезінде жараланған арнайы жасақ өкілі ауруханада көз жұмды

Дәрігерлердің сөзінше, көз жұмған 22 жастағы арнайы жасақ қызметкерінің жүрегіне оқ тиген.

Қырғызстан Денсаулық сақтау министрлігі Кой-Ташта елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты ұстау операциясы кезінде жараланған арнайы жасақ өкілі ауруханада көз жұмғанын хабарлады. Министрліктің дерегінше, операция кезінде 41 адам жараланған, олардың 15-і - арнайы жасақ қызметкері, деп жазады Азаттық.

Дәрігерлердің сөзінше, көз жұмған 22 жастағы арнайы жасақ қызметкерінің жүрегіне оқ тиген. Ол ауруханада қайтыс болған.

7 тамызда Бішкек уақытымен кешкі сағат сегіз шамасында арнайы жасақ экс-резидент Алмазбек Атамбаевты ұстау операциясын бастаған. 8 тамыз түнгі үш шамасында арнайы жасақ Кой-Таштан шықты, Алмазбек Атамбаевты ұстаған жоқ.

27 маусымда Қырғызстан парламенті Алмазбек Атамбаевты экс-президент және тиіспеушілік мәртебесінен айырған. Кейін ІІМ Атамбаевты тергеуге шақыра бастады.

Қырғызстанның бұрынғы президентіне қызметте жүріп жемқорлыққа жол берді, өкілетін асыра пайдаланды және заңсыз байыды деген сияқты жалпы саны бес айып тағылған. Прокуратура Атамбаев қылмыстық топтар арасында танымал Азиз Батукаевтың заңсыз босатылуымен байланысты істе куәгер ретінде танылғанын мәлімдеген.

Атамбаев бұл айыптардың бәрін жоққа шығарып, өзін тергеуге шақырудың саяси астары бар деп мәлімдеген. Ол Азиз Батукаевты босатуға қатысы жоғын да айтады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары