Төрт жарым жасар ақтөбелік Санжар Сырымұлының ата-анасы бүгінде полиция бөлімшесін жағалап жүр. Айтуларынша, баласының еміне жинаған 1,5 миллион теңгелерін қолды қылған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Вокзалға билет іздеп кірген ерлі-зайыптылар 10 минутта қайтып айналып келгенше, көлік қобдишасында тұрған 1,5 миллион теңге жоғалып кеткен.
"Ақтөбе вокзалының жанына 16:40 шамасында Toyota Land Cruiser Prado көлігіммен келдім. Бес қадам жүргенде машина өз-өзінен ашылып кетті. Бұрын ондай ақауы жоқ болатын. Айналып келіп қайтара жауып, вокзалға кеттім. Ол жерде 10 минуттай жүрдік. Себебі билет жоқ.
Емге бара жатқан жолдамамызды көрсеткеннің өзінде, вокзалдағылар тауып бере алмайтынын айтты. Көлікке келгенімізде жұбайым қобдишадағы ақшаны алайын десе, орны бос тұр. Бүгін таңнан бері полицияда жүрміз. Вокзал қасында төрт-бес камера бар. Ал іздеу нәтижелері білінбейді", - дейді Сырым Көбеков.
Ер адам әйелінің мініп жүрген көлігін таныстарына сол күні сатқан. Қомақты ақша қолдарында үш сағаттай ғана жүрген.