Алматыда оңбай таяқ жеген психологтың адвокаты бұзақының біреулердің тапсырысын орындағанына сенімді. Айтуынша, күдікті оқиғадан соң бірден барып банктегі кредитін жапқан, деп хабарлады КТК арнасы.
«Күдікті банктегі 1 жарым миллион теңге көлеміндегі автокөліктің қарызын жапқан. Ақшаны қайдан алғанын айтпай отыр. Тергеу анықтағандай, ол еш жерде жұмыс істемейді. Күнделікті таксист болып жүрген адам. Сонда ол осыншама соманы бір күнде қайдан алды? Сол себепті де мұның тапсырыс екеніне еш күмән жоқ. Қазір тапсырыс берушіні де тауып, жазаға тарту туралы өтініш түсірдік» - деді С. Божконың адвокаты Елена Третьяк.
Күдікті банктегі 1 жарым миллион теңге қарызын оқиғадан соң ертесіне барып төлеп тастаған екен. Ал несиеге ол «Мерседес» көлігін алған. Такси жүргізушісі ақшаны қайдан алғанын тергеушілерге түсіндіріп бере алмапты. Сол себепті де, зардап шеккен Светлана Божконың адвокаты оның әлдебіреулердің тапсырысын орындағанына сенімді болып отыр. Яғни, істе тағы бір күдікті бар деген сөз. Бірақ, тапсырыс берушінің табылуы екіталай. Себебі, әйелді кастетпен оңдырмай ұрған бұзақы оны ұстап бермек түгілі, қолымен жасаған ісін мойындамай отыр.
Естеріңізге салсақ, белгілі психолог Светлана Божконы өз үйінің ауласында артынан ілесіп кірген бұзақы кастетпен оңдырмай соққыға жыққан болатын. Салдарынан, әйелдің түрінен түр қалмаған. Дәрігерлер мұрын орнына силикон қойып, ал сынған жақты пластинамен алмастырды. 4 бірдей ота жасаған ақ халаттылар келіншектің бұрынғы келбеті қалпына келуі екіталай деп отыр. Соққының кесірінен ол тіпті сөйлей де алмай қалған.
Ал, әйелді аса жауыздықпен ұрды делінген 28 жастағы жігіт қамауда отыр.