Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Көк-Төбе бөктерінде тұтанған өрт аумағына барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін Көк-Төбе тауының оңтүстік-батыс баурайында үлкен өрт болды. Оқиға болған жерге келдім. Қаланың өртке қарсы негізгі күштері: ТЖД жеке құрамының және коммуналдық қызметтердің 1500-ден астам қызметкері, 70 арнайы техника жұмылдырылды. Оқиға жайында ІІМ және Қорғаныс министрлерімен сөйлестім. Қазіргі уақытта 10 гектар аумақтағы өрт ауыздықталды. Жағдай бақылауда. Қалаға қауіп жоқ», - деп жазды Б.Сағынтаев Instagram-да.
Қала әкімінің айтуынша, өртке қарсы қызмет күші қарауылдау режиміне көшті.
«Өрттің себебін анықтау үшін қылмыстық іс қозғалады. Өрт сөндіруге қатысып, ерлік танытып, тілсіз жаудың қалаға тарауына жол бермегендерге алғыс айтамын», - деп қосты қала әкімі.