$ 494.87  520.65  4.91

«Көретіні – анасының ішкілікке салынған түрі»: мектеп директоры оқушылардың тәртібіне қатысты сөз қозғады

Оспанбек Оразбекұлының айтуына қарағанда, балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы мектепке түсетін балалардың барлығы-дерлік не соттың шешімімен, не өзге де қиын жағдаймен келеді.

Ел Үкіметінің тарапынан қай салаға да үлкен қолдау-көмектің болып жатқанын жоққа шығаруға болмайды. Ең ақыры, істі болған немесе түрлі келеңсіздіктерге ұшыраған жеткіншектердің өзі мемлекеттің қамқорлығынан тыс қалып жатқан жоқ.

Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы мектептің директоры Оспанбек Күнтубаев осындай пікірде, деп жазады BAQ.KZ.

«Мәселен, мен жетекшілік ететін Жамбыл облысындағы білім беру және тәрбиелеу мекемесі осы оқу жылын 35 түлекпен аяқтады. Ал жалпы жыл бойы 70-80 балаға дейін қабылдап, түрлі себептермен немесе облыстық, қалалық әкімдіктерге қарасты арнайы комиссиялардың шешімдерімен шығарып салдық», - дейді арнайы білім ошағының жетекшісі. 

Оспанбек Оразбекұлының айтуына қарағанда, балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы мектепке түсетін балалардың барлығы-дерлік не соттың шешімімен, не өзге де қиын жағдаймен келеді. Олардың көпшілігінің әкесі жоқ. Яғни, толық емес отбасының балалары. Ал жалғызбасты аналардың ішінде ішімдікке, темекіге әуестері көп.  

«Осындай шаңырақтардың «тәлімін» алған ұлды да, қызды да оқыту, тәрбиелеу оңай шаруа емес екені анық. Алайда, біздің ұстаздарымыздың қажырлы еңбегінің, төзімділігінің, қиын оқушылармен түсінісе білетіндігінің арқасында өзіміздің қараумыздағы жеткіншектердің әрқайсысымен жеке-жеке жұмыс істейміз. Олар алғаш келген кездегіден әлдеқайда түзеледі, білімдерін шыңдауға ұмтылады, тәртіптің не екенін ұғынады», - деп жалғады сөзін білім саласының маманы.  

Директордың мәліметінше, ең қиыны сол, ол мекемеден қайтадан отбасына оралған жасөспірімдер бұрынғы бәз қалпына тез түсіп кетеді екен. 

Себебі, көретіні – анасының ішкілікке салынған түрі, әке тәрбиесінің жоқтығы, тұрмыстық қиындық, психологиялық әртүрлі соққылар.  

«Осы орайда, алдымен біз отбасылық тәрбиені қолға алуға тиіспіз. Бірінші, ата-аналарды тәрбиелеу керек. Шаңырақтың құндылығын тағы да насихаттай түсуіміз қажет. Бұл еліміздегі идеологияның әлсіздігі дей алмаймын. Десе де, отбасылық тәрбиені тереңдетуге күш салғанымыз жөн. Арнайы мектептен түлеп ұшқан жастарымыз үйленіп, отбасын құрса да, оқып, дипломдарын алса да, білім ұяларына келіп сүйіншілеп жатады. Жүрекжарды алғыстарын айтады, рахметтерін жеткізеді. Ондайда қатты қуанамыз, ұстаздарымыздың еңбегі жанғаны деп білемін», - дейді Оспанбек Күнтубаев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары