15 тамыз күні Алматыдағы «Facility management group» ЖШС ғимаратының алдында бірнеше ата-ана, мүгедек екі адам аштық жариялады, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Жиналғандардың мұндай қадамға баруына үлкен қалалардағы жиі кездесетін қордаланған мәселе – пәтер иелері коперативі айналасындағы дау себеп болған. ПИК-ке иелік ететін компания Алғабас, Ақкент, Көкжиек ықшамауданындағы көпқабатты үйлерге қызмет көрсетпейді екен. Айталық қоқысын тазалап, бүлінген баспалдақтарын, шатырын, жертөлелерін жөндемейді.
«Жылу жүйесіндегі жылу айдайтын насос бұзылған, енді оны жасамаса біз қыста үсіп өлеміз ғой. Құжаттарымызды қайтарсын! Біз өзіміз ақша жинап, сол жылудың насосын жасап аламыз» дейді жиналғандар. Аштық жариялағандардың басты талабы – құжаттарын қайтарып, басқа ПИК-ке өту. Алайда компания олардың бұл талапын орындамай, құжаттарын қайтармай отырған көрінеді. Ал тұрғындарға қызмет ететін ПИК қарайтын компанияның директоры Жомарт Исмағулов жұмыстарына шаң жуытар емес.
«Олардың неге аштық жариялап отырғанын білмедім. 2018 жылдың 1 қазанынан бастап біздің компания Зерделідегі, Алғабастағы көпқабатты үйлерді конкурс бойынша жеңіп алды. Сол уақыттан бастап біз сол үйлерге қызмет жасап келеміз» дейді ол. Компания басшысы керісінше тұрғындардың берешегі барын айтады. Оның сөзінше, Алғабастағы 141 нөмірлі көпқабатты үйдің қарызы 284 340 теңге, 142 нөмірлі үйдің қарызы 148 357 теңге болып кеткен. Осылайша компания тұрғындардың өздерін айыпты қылып отыр. Ал сыртта жиналған көпқабатты үйдің тұрғындары түйіткілдің түйіні шешілмесе, жоғары жаққа арызданатынын айтады.