$ 498.34  519.72  4.85

Көкшетауда аялдамаларға пандус жетіспейді

Осы тексеріс кезінде Көкшетаудың автобус аялдамаларында пандус тапшы екені анықталды.

Көкшетаудың автобус аялдамаларында пандус тапшы. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті «Ақмола – адалдық алаңы» жобасымен бірлесіп. Әлеуметтік маңызы зор нысандардағы пандустардың жағдайын тексеру, бар-жоғын анықтау мақсатында арнайы мониторинг жүргізді. Осы тексеріс кезінде Көкшетаудың автобус аялдамаларында пандус тапшы екені анықталды.

Мүмкіндіктері шектеулі жандардың қала ішіндегі қоғамдық көлікте жүру мәселесі әлі күнге дейін өзекті. "Шанс" мүгедектерді оңалту орталығының басшысы Василий Шиманскийдің айтуынша, бүгінгі таңда автобус аялдамаларында арбамен мінуге қажетті пандустардың тапшылығы туындап отыр. 

«Биыл мүмкіндіктері шектеулі азаматтар үшін барлық жағдайы қарастырылған жаңа автобустар сатып алынды. Мүгедектер қаланың кез-келген бөлігінде қоғамдық көлікті пайдалана алады. Бұл әрине өте қуантады, себебі біз сияқты адамдарды тасу қызметін көрсететін «Инватакси» ұйымы барлық мүгедекті тасып үлгермейді. Бірақ, осы автобустарды толыққанды дәрежеде қолдану үшін белгілі бір қосымша жағдайлар жасалуы тиіс. Мәселе осыған бейімделіп үлгермеген автобус аялдамалары жөнінде. Олардың көпшілігінде пандустар жоқ, мүгедектерді түсіру және мінгізуге арналған арнайы алаң да жоқ. Яғни, көлік бар, ал оны қолдану мүмкіндігі ылғи туа қоймайды» - дейді Василий Шиманский.

Жеке бизнес нысандарына қатысты да көптеген кемшіліктер бар. Әдетте пандустар қолдану үшін жарамсыз, белгіленген талаптарға сай келмейтін, көпшілігінде тайғанауға қарсы қаптамалары жоқ, ұсталынатын жерлері құрылыс нормаларына сай келмейді. Департамент қызметкерлері жобалық кеңсе өкілдерімен бірлесіп, аталған нысандарға тексеріс жүргізіп, мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін қажетті жағдайдың жасалмағанына көз жеткізді. 

Жобалық кеңсенің басшысы Самира Тайтенова алдағы уақытта уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдерінің, мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың қатысуымен үш жақты кездесу өткізіліп, осы мәселелердің түбегейлі шешілуі үшін тиісті іс-әрекеттер жоспары қабылданатынын айтты.

Дереккөз: BAQ.KZ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары