Қарағандыдағы Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағындағы өрт күн сайын күшейіп келеді. Қазір қызыл жалын 2500 гектар алқапты жалмаған. Оның шамамен 30 проценті орман-тоғайлы жерлер.
Бұл туралы облыстағы төтенше жағдай қызметінің басшысы мәлімдеді. Қарқаралыны оттың құрсауынан құтқаруға төтенше жағдайлар департаментінің барлық күш құрылымдары, жергілікті атқарушы билік мамандары мен техникалар, тіпті Ұлттық Ұлан сарбаздары да жұмылдырылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бірақ орманды алқапты жайлаған қызыл жалынды сөндіру қиындап кеткендіктен билік төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болып отыр.
Әуелі қураған құрғақ шөп жанып, от орманға таралған. Содан бері үш тәуілік өтті. Ұлттық табиғи паркінің Бақты орманды өлкесіндегі өртенген алқаптың жалпы аумағы 2,5 мың гектарға жеткен. Айлап жаумаған жаңбыр мен аптап ыстықтың және қатты желдің салдарынан өрт өршіп, ырық бермей отыр дейді мамандар.
«Жел енді, Алланың тағдыры ғой. Ылғи ауыса береді. Бір жақтан өшіріп жатсаң, жел бізге көмектесіп тұрады да, қарама қарсы кетеді. Өрттің астында, түтіннің астында қалып қояды халық», - деді орман шаруашылығы мекемесінің директоры Сағдат Тоқметов.
Орманды алқаптағы өртті сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінің барлық күш құрылымдары, орманды және жануарлар әлемін қорғау шаруашылығы, жергілікті атқарушы билік мамандары мен техникалар жұмылдырылған. Қазір оқиға орнында 170 өрт сөндіруші мен 27 техника жұмыс істеп жатыр екен. Сондай-ақ су төгу құрылғысы бар тікұшақ көмекке келген. Енді оларға көмекке 85 сарбаз бен тағы алты техника қосылған.
«Қазіргі уақытта команда екіге бөлінді. 40 адам өртті сөндіру жұмыстарына кірісті. 40 адам ауысымдық кезегін күтіп отыр. Біздің ендігі мақсатымыз- әр шоқ, өрт өшкенше біз осында боламыз», - дедйі Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшысының орынбасары Қазыбек Әмірбеков.
Жағдай ушығып бара жатқан соң кешеден бері Қарқаралы ауданында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланыпты. Арнайы комиссия барып, апаттың бетін қайтарудың жолдарын қарастырып жатыр екен. Алайда, тілсіз жауды толық өшіруге әлі мұрша жетер емес. Тіпті жақын маңдағы ауылдарға жетуі мүмкін деген қауіп бар.
«Ауылға енді түнде келіп қалуы мүмкін. Егер қатты жел болса, келеді. Күндіз енді кісілер бар қорықпайсың. Ал түнде қорқынышты», - дейді Қарқаралы ауданы тұрғыны Дәулет Төкеев.
Дегенмен төтенше жағдайлар қызметкерлері ауыл тұрғындарын алаңдамауға шақырады. Бүгінде Қарқаралыдағы орман өртінен басқа, Бұқар жырау ауданындағы Ботақара кентінен 15 шақырым жердегі далалы аймақ өртеніп жатыр. Оны сөндіруге мамандар жетпей жатқан көрінеді. Сондықтан да Қарқаралы тұрғындарының арасында өз еркімен тілсіз жауды сөндіруге көмектесіп жатқандар көп.
«Табиғаты керемет, жақсы жер. Ішіңіз ашиды енді көріп. Қарап отырсаңыз, қарағай, тоғай өртеніп жатыр. Енді өшіруге тырысамыз. Халық жұмылып жатыр. Жан-жақтан келіп жатыр», - дейді Томар ауылының тұрғыны Дулат Жаналинов.
Талай ақынның ән жырына арқау болған қасиетті Қарқаралының ну орманын өрт шалған жерлерін көргенде кез-келген азаматтың жаны ашитыны сөзсіз. Жалпы мемлекеттік табиғат паркінің аумағы 100 мың гектардан асады. Қорықта өте сирек кездесетін 66 өсімдік түрі өседі. Сондықтан жұрт осы мекеннің орманын аман алып қалу үшін барын салуда.