Ордабасы ауданына осы жылдың 10 айында өндірісті дамыту бойынша 21 млрд. 511 млн. теңгеден астам инвестиция тартылған. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 2,5 есеге артық, деп хабарлады ОҚО әкімінің баспасөз қызметінен.
«Елбасының 30 қараша күнгі Жолдауында айтылған ең маңызды мәселелердің бірі - елімізге инвестиция тарту болды. Онда Мемлекет басшысы алдағы он жылда 100 млрд доллар инвестиция тартылу керектігін айтып, 660 мыңнан астам адамды жаңа жұмыс орнымен қамту мәселесі алға қойылған ең негізгі мақсаттардың бірі деген болатын. Осы міндеттерді орындауда Ордабасы ауданының әлеуеті жеткілікті.
Өйткені, бүгіннің өзінде Ордабасы ауданына осы жылдың 10 айында өндірісті дамыту бойынша 21 млрд. 511 млн. теңгеден астам инвестиция тартылған. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 2,5 есеге артық. Бұл туралы ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі С.Сапарбаев мәлім етті», делінген хабарламада.
Осы тартылған инвестицияның нәтижесінде ауданда 9,7 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, облыс бойынша көш бастауда. Баспасөз мәслихатында аудан әкімі жыл басынан бері 20 млрд. 619 млн. теңгеден астам ауыл шаруашылық өнімі өндірілгенін де айтты.
Оның ішінде мал шаруашылығының өнімі 11 млрд. теңгеден астам болса, ауыл шаруашылығы өнімі 9 млрд. теңгеден астам. Ал ауданда жалпы жұмыс істейтін 8 579 шағын және орта кәсіпкерлік бар. Оларда 19 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылса, биыл шағын және орта бизнес саласында 316 жаңа жұмыс орны ашылған. Сонымен қатар, брифингте коммуналдық мәселеге тоқталған Самат Сапарбаев аудандағы 57 елді мекеннің 39-ы құбырлы ауыз сумен яғни, тұрғындардың 88,7 пайызы тіршілік нәрімен қамтылғанын хабарлады.