Үндістан астанасында әл-Фараби атындағы қазақ-үнді ғылыми-білім және мәдени орталығы ашылды. Жоба әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Қазақстанның Үндістандағы Елшілігінің қолдауымен жүзеге асырылды.
ҚР СІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, орталықтың ашылуы 2020 жылы ЮНЕСКО-ның қолдауымен кең көлемде аталып өтілетін әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналып отыр.
Әл-Фарабидің мұрасы ғылымның барлық дерлік салаларын қамтиды. Оның ғылымды жүйелеп жіктеуі әлемдік ғылыми ойдың одан ары дамуына өз әсерін тигізді. Оның еңбектері Еуропада XII-XIII ғғ. латын және иврит тілдеріне аударыла басталды, ал 1930-1932 жж. Париж қаласында «Музыка туралы үлкен кітабінің» бірінші бөлімінің француз тіліндегі аудармасы басылып шықты.
Әл-Фараби есімі әлемнің ғылым және мәдениет тарихына берік енді. Оның шығармашылық қызметі Еуропа мәдениетінің ренессансына үлкен әсерін тигізіп, еңбектері Батыс пен Шығысты байланыстыратын рухани көпірге айналды.
«Әл-Фараби үйі Қазақстанның тарихы мен мәдениетін тануды қалайтын жандарға ашылды. Орталықтың қызметі мәдениет диалогының дамуы және Қазақстан мен Үндістан арасындағы әріптестіктің одан әрі нығаюына септігін тигізеді», - деп атап өтті Елші Болат Сәрсенбаев.