«Педагог мәртебесі туралы» заң жобасында ұстаздарға бірнеше қосымша ақы төлеу қарастырылған. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында аталған заң жобасын таныстырған ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
«Негізгі материалдық ынталандыруға келер болсақ, оның ішінде сынып жетекшілігі мен дәптерлерді тексергені үшін ақыны екі есе өсіру және педагогтерге педагогикалық шеберлігі үшін қосымша ақы төлеу қарастырылған. Сонымен қатар заң жобасында барлық педагогтер үшін демалыс уақытын 56 күнге дейін ұлғайту қарастырылды. Магистр дәрежесі үшін және тәлімгер болғаны үшін қосымша ақы төлеу және тағы да басқа шаралар қарастырылып отыр. Ең бастысы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 4 жылдың ішінде жалақыны 2 есе өсіру бойынша мәселе қарастырылды», - деді ол.
Министрдің айтуынша, жоғарыда аталған бірқатар нормаларды іске асыру аясында қосымша заң жобасы әзірленді. Аталған заң жобасымен үш кодекске, 15 заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізіледі.
«Аталған заң нормалары мұғалімдерге келесідей мүмкіндік беретін болады: сынып жетекшілігі үшін 173 мың мұғалімнің, ал дәптерлерді тексергені үшін 165 мың мұғалімнің қосымша ақысы екі есеге көбейеді. 212 мыңнан астам қызметкердің біліктілік санаты үшін айлық жалақыдан 30-дан 50 пайызға дейінгі мөлшерде қосымша ақы алуына мүмкіндік беріледі. 7 мың қызметкердің магистр дәрежесі үшін 10 АЕК мөлшерінде қосымша ақы алуына мүмкіндік жасалады. 18 мың қызметкердің тәлімгерлігі үшін 1 базалық лауазымдық мөлшерінде қосымша ақы алуына мүмкіндік беріледі деп күтілуде. Және де 100 мыңнан астам педагогтер қосымша 14 күн жазғы демалыс алып, енді 56 күн демалатын болады», - деді Асхат Аймағамбетов.