Елорда басшысы Алтай Көлгінов жалақысы қанша екенін, сондай-ақ әлеуметтік желідегі парақшасын кім жүргізетінін айтып берді, деп жазады Sputniknews.kz ақпараттық порталы.
Әкім "Хабар 24" арнасындағы "Интервью" бағдарламасының қонағы болған еді.
"Батыс Қазақстан облысының әкімі болған кезде жалақыңыз 762 мың теңге екені туралы ақпарат шықты. Елордаға келген соң көбейді ме?" – деп сұрады тілші Көлгіновтен.
"Жалақым бұрынғыдай. Дегенмен еңбек өтіліне байланысты жоғарылайтынын білесіз ғой. Бірдей жұмыс болғанымен, елордада ауқымдырақ", - деп жауап берді қала басшысы.
Оның айтуынша, астанаға отбасымен бірге көшіп келіпті.
"Бұрын мұнда 11 жыл тұрған едім, сол себепті туған қалам сияқты. Отбасым осында, 1 қыркүйекте балаларым сабаққа барады", - деді ол.
Сондай-ақ әкім әлеуметтік желідегі парақшаларын өзі жүргізетінін айтты.
Алтай Көлгінов 2019 жылы маусымда елорда тізгінін қолға алды. Оған дейін Батыс Қазақстан облысы әкімі болды.