Мемлекеттік білім грантын жеңіп алған 6 бала Алматыдағы спорт және туризм академиясына қабылданбай жатыр. Ұл-қыздардың қолында білім министрлігінің тегін оқу туралы сертификаты бар. Алайда академия басшылығы құжаттары талапқа сай келмейтінін айтып, оларды қабылдамай қойған, деп хабарлады КТК арнасы.
Оралдан келген талапкерлер Спорт және туризм академиясында білім алуды жылдар бойы армандаған. Армандары алдамай, биыл олар мемлекеттік грант иегері атанды. Бұл хабарды естігенде төбелері көкке жеткендей болған. Бірақ академиядағылар қуанышын су сепкендей басты.
«1ші тамызда осы оқу орнына оқуға түсті деген бізге хабар келді. Міне, біздің оқуға түскеніміз жайлы ҚР білім министрінің өзінің жеке қолы қойылған сертификаты. Ұтып алып тұрған оқуды біз неге оқи алмаймыз?!», - деді талапкер Мөлдір Жолдығұлова.
Жанайқайын жеткізген алты абитуриент те Оралдағы Сервис және жаңа технологиялар колледжін туризм мамандығы бойынша бітірген. Жоғары білімді де аталмыш мамандық бойынша алмақ болыпты. Сөйтіп құжаттарын Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде тапсырған. Ал грантты Туризм және спорт академиясының қысқартылған, яғни 3 жылдық оқуына жеңіп алады. «Негізі, бұл талапкерлер тек толық мерзімді бакалаврға түсуі тиіс», - дейді академия қызметкерлері.
«Колледжді толық бітірген жоқ, маман ретінде бітірген жоқ. Бұл талапкерлер колледжді бітірген кезде бұрынғы есепке алғанда лицей, ПТУ сияқты бітірді. Яғни, толық емес. Бұл ҰБТ тапсырып, мектепті бітіргенмен бірдей. Бес пәнді тапсырып барып қана түсуі керек. Құжаттары солай қабылдануы керек еді», - Қазақ спорт және туризм академиясы қабылдау комиссиясының мүшесі Қалдар Ұнтаев.
Мұндағылар мәселені шешуге «қауқарымыз жоқ» дейді. Сол себепті қазір жағдайды жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті қарап жатыр. Бірақ үш күн өтсе де, департаменттен еш хабар жоқ. Ал талапкерлер әр есікті қағып жүр. Жаңа оқу жылы жақындаған сайын олардың уайымы үдей түсуде.
«Бұл балалар енді қайда барады? Өзіне қол жұмсауға дейін, сондай әңгіме айтқандары бар ішінде. Сол себепті мен олардың қасынан шыға алмай жүрмін», - талапкердің анасы Күнжан Айболатова.
Аз қамтылған отбасынан шыққан 6 баланың обалына қалған – Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде құжат қабылдаған қызметкерлер. Оқу орны кінәсін жуып-шаю үшін енді оларды сол жақта оқуға шақырып отыр.
«Университет атынан осы ата-аналардан, балалардан біз кешірім сұраймыз. Сол біздің қателігіміз. Біздің университет атынан балаларға ұсыныс жасап отырмыз – біздің университетте университет атынан тегін оқуға», - деді Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Нұрлан Серғалиев.
Алайда талапкерлер өздері жеңіп алған грант бойынша Алматыда оқуды қалайды. Сол себепті Білім және ғылым министрінен мәселені шешіп беруді сұрап отыр.