$ 494.87  520.65  4.91

3 млн 400 мың теңге: Алматы облысының әкімдігі «Патруль-5» сериалына демеушілік көрсетпек

Бастысы, Талдықорғанның имиджі. Сериал арқылы көрермендер Талдықорған мен Алматы облысының көрікті жерлерін көретін болады

Қазақстандағы көрермені көп дейтін «Патруль» сериалының 5-маусымы Талдықорғанда түсіріледі. Оған кететін шығынның біраз бөлігін Алматы облысының әкімдігі көтеретін болады, деп жазады Жас Алаш басылымы.

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ халық алдындағы есептік жиында  актер әрі Талдықорған тумасы Рүстем Омаровтың Жетісу орталығында "Патруль" сериалының 5-маусымын түсіру туралы өтінішін қабыл алып, өз рұқсатын берген болатын. Рұқсат беріп қана қоймай, жан-жақты қолдау көрсететінін де айтқан.

Өткен аптада мемлекеттік сатып алу порталында аталған сериалға қатысатын түсірілім тобын (45 адам) жатын орынмен қамтамасыз ету үшін конкурс жарияланғаны белгілі болды. Тапсырыс беруші - Алматы облысының Ішкі саясат басқармасы. Аталған қызметті көрсету құны - 3 миллион 400 мың теңге. Яғни, 45 адамды 30 күн жататын орынмен қамту үшін кететін қаражаттың көлемі осындай.

«Бұл- көрермені көп сетком(ситуативті комедия). Сериалдың локациясы - Талдықорған қаласы. Оған облыс әкімі Амандық ҒАББАСҰЛЫ өзі келісім берген. Қаражатты облыстық мәслихат бөледі. Түсірілім жоспар бойынша қыркүйектің екінші жартысында басталып, 1 айға созылуы мүмкін», - дейді Алматы облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Рұстам Алпысбаев.

Басқарма басшысының айтуынша, түсірілім тобының барлығы Алматы қаласының тұрғындары. Сондықтан оларды жатын орынмен қамту көзделген. «Сериалға кеткен шығынды өтеу немесе қайтару жоспары жоқ. Бастысы, Талдықорғанның имиджі. Сериал арқылы көрермендер Талдықорған мен Алматы облысының көрікті жерлерін көретін болады», -  дейді  Рұстам Әлиұлы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары