$ 494.87  520.65  4.91

Деревянченконы спарингте жеңген қазақ: «Қазақстанға келсем, мені елейтін ешкім жоқ»

«Қытайлықтар құттықтап, асты-үстіме түсіп бәйек болды. «Осында қал» деп өтінді. Барлық жағдайды жасаймыз деп уәде берді. Пәтер, көлік. Әлем чемпионы боласың деді. Тек Қытай азаматтығын қабылдасам болды. Мен бірден бас тарттым».

Болашағынан зор үміт күттіретін қазақстандық боксшы Нұрсұлтан Жаңабаев Австралиядағы соңғы жекпе-жегі, Қытайдағы жеңістері мен оларды мойындатуы, Деревянченкомен жаттығу залындағы шайқасы жайлы айтып берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Prosports.kz-ке сілтеме жасап.

Бүгінде Suleimen Promotions промоутерлік компаниясымен бірге жұмыс істейтін боксшының WBA Inter-Continental, WBO Oriental және IBF Pan Pacific үш аймақтық белдігі бар. Айтуынша, ол Стивен Гагомен жекпе-жекке шыққанға дейін WBA-да 9-шы, IBF-да 15-ші орында тұрған. Ал WBO-дағысы рейтинг жаңарған соң белгілі болмақ.

Осы жолы Prosports.kz-ке берген сұхбатында Нұрсұлтан Жаңабаев алғашында өзін Қазақстаннан гөрі, Қытай тарапы аттай қалағанын айтқан.

«Бір күні Қытайдан ұсыныс келді. Жекпе-жекке шығатын бокшы керек екен. 69 келіге. Бокс кешіне бір апта қалыпты. Тәуекел дедім де, келісе кеттім. Билетімді сатып алып, әуесқой бокстан қалған киімдерімді, қолғабымды алып, көзді жұмып «Қытай қайдасың?» деп аттанып кеттім. Пекинге жеткен соң, мені бәрі мазақтауға кірісті. Танымайды да ғой. Осал біреуді алып келді деп ойлады. «Қай раундта құлайсың?» – деп те сұрап қояды. Он раунд шайқастық, мен жеңіп шықтым. Жиналғандар түк түсінбейді. Бәрі аң-таң. Сөйтсем, мен жеңген боксшы Қытайдың чемпионы екен. Оны кейін білдім. Және бойы да меннен 10 см ұзын болды», – дейді ол.

Алайда, миллиардтар елінен мерейі үстем болып оралған қара баламызды өз Отанының мамандары жатырқай қарсы алған. Ол туралы өзі былай дейді:

«Қуанышым қойныма сыймай, Қазақстанға қайтып келдім. Біраз уақыт күттім, бәрі тым-тырыс. Елейтін ешкім жоқ. Ұсыныс жоқ. Тағы Қытайдан шақырту келді. Қарсыласым – филиппіндік боксшы. Мансабында 50 жекпе-жек өткізген. Қызық жағдай болды. Қытайлықтар менің жеңетініме сеніп тұр. Тек «бесінші раундтан ерте құлатпа» деді. Бірақ, менің мақсатым – қалай болсын жеңу. Екінші раундта бұрышқа тақап ұрып жатқанмын. Қарсылас та есеңгіреп қалды. Жан-жақтан «тоқта, тоқта» деген айғайды естідім. Сөйтсем, аяқтауға әлі ерте деп жатыр екен ғой. Жарайды деп, қарқынды тежедім. Бесінші раундтан асып кетті. Өзім де шаршадым. Ұрсам, қарсыласым құламайды. Әйтеуір, жекпе-жектің аяғына қарай жойқын соққы бағыттадым. Құлады.

Жекпе-жек аяқталғаннан кейін қытайлықтар құттықтап, асты-үстіме түсіп бәйек болды. «Осында қал» деп өтінді. Барлық жағдайды жасаймыз деп уәде берді. Пәтер, көлік. Әлем чемпионы боласың деді. Тек Қытай азаматтығын қабылдасам болды. Мен бірден бас тарттым.

Алматыға келіп, Қанат Исламға бардым. ЭКСПО-2017 аясында өтетін бокс кешіне дайындалып жатқан еді. Мен де бірге жаттықтым. Кәдімгі кәсіпқой боксшы ретінде. Сол кеште шаршы алаңға шығып, тағы жеңіске жеттім. Сосын тағы бәрі тыныш».

Тарихи Отанынан тауы шағылған оның осындай жағдайдан кейін Америкаға кетіп қалғысы келеді. Бірақ, ол жаққа баратын виза ала алмайды. Содан бір жыл бойы жұдырықтасудан қол үзіп қалып, Қанат Исламға қайта барған. Ал ол боксшыға бапкер Сағатбек Мұсахановқа баруға кеңес береді. Қазір Нұрсұлтан сол Мұсахановтай мықты маманның қол астында жүргеніне разы.

Осы орайда, «Еркіңізге салса, кімге қарсы шаршы алаңға шығар едіңіз?» деген сқраққа ойланбастан: «Мэнни Пакьяо. Ол әр кездесуде көп соққы бағыттайды. Мен де сондаймын. Қарқынын байқап көргім келеді. Пакьяо 1000 рет ұрса, мен оған қарсы 1500 соққы бағыттаймын. Бұл жекпе-жек – менің арманым», – деп жауап берген.

Ал Головкин мен Деревянченко арасындағы кездесу туралы ойын былайша жеткізген:

«Мен Деревянченкомен ол Бүкіләлемдік бокс сериясында (WSB) жүрген кезде бірнеше рет спаринг өткізгем. Алғашқы күндері таяқ жедім. Бірақ, уақыт өте келе мен оның стиліне үйрендім. Украиндық боксшылардың бір ерекшелігі бар: олар соққыдан жақсы қаша біледі. Бірақ, мен жылдамдығымды пайдалана білдім. Бірінші болып ұрып үлгерем. Кейін жеңіп те жүрдім. Деревянченко – өте еңбекқор боксшы. Бір ғана мысал: біз жаттығудан қайтқан кезде ол залда қалады. Қазан айында Головкин жеңеді деп ойлаймын. Нокаут болады деп айта алмаймын. Ұпаймен. Себебі, Деревянченконы құлату қиын. 12 раунд төтеп бере алады».

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары