$ 494.87  520.65  4.91

Депутаттар «Жол жүрісі туралы» заң жобасыа бірнеше өзгерту енгізді

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Жол жүрісі туралы» ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Аталған құжатқа Мәжілістің бірқатар депутаттары бастамашылық жасаған болатын.

Айта кетерлігі, «Жол жүрісі туралы» қолданыстағы заң былтырғы жылы қабылданып, ондағы нормалар қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Атап айтқанда, көліктегі балаларға арналған автокреслоны пайдалану нормасына халықтың әзірлігі тиісті деңгейде болмай, бұл норма күшіне енбей жатып-ақ түзетуге ұшыраған. Ал заңға енгізіліп отырған жаңа өзгерістер мен толықтырулар былтырғы олқылықтарды жоюға бағытталып отыр. 

Атап айтқанда, қолданыстағы заңда ішкі істер органдарының қызметкері тоқтатқан жағдайда, жолаушылардың көлік құралынан қызметкердің рұқсатынсыз кетуіне тыйым салынатын норма қамтылған. Ал жаңа заң жобасында депутаттар аталған норманы алып тастауды ұсынып отыр.

Бұған қоса, заң жобасында жүргізушілердің тиісті жол белгілерімен және нұсқаулықтарымен белгіленген, тоқтау үшін арнайы бөлінген орындардан басқа, елді мекендердің жолдары мен көшелерінде тоқтауына тыйым салатын норманы да алып тастау көзделеді. Бұған аталған орындарда тиісті инфрақұрылымдардың болмауы ең басты себеп болып отыр. Айта кетерлігі, заңның жоғарыда аталған нормалары халық арасында біржақты қабылданбаған болатын. 

Бұдан бөлек, Мәжіліс депутаттары заңнамадағы тұрақтар туралы норманы да алып тастауды ұсынды, өйткені бұл норма қолданыстағы басқа заңда көзделген. Сонымен бірге көлік нөмірлеріндегі цифрлар немесе цифрлар мен әріптер белгілі бір түрде үйлестірілген мемлекеттік тіркеу нөмірлерін алғаны үшін мемлекеттік бажды ұлғайту да қарастырылады. 

Заң жобасының жаңа ұсыныстарына қатысты депутаттардың пікірі біржақты болмады. Дегенмен біршама талқылаудан соң төменгі палата депутаттары құжатты бірінші оқылымда мақұлдау туралы шешім қабылдады. Енді заң жобасы екінші оқылымға әзірленетін болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары