Елордада үш жеңіл көлік соқтығысқан жол апаты болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«6 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында «Лексус RX 350» маркалы автокөлік жүргізушісі Мәңгілік Ел даңғылындағы №37 үйдің ауласынан шығып келе жатып, жол қауіпсіздігіне көз жеткізбестен Мәңгілік Ел даңғылымен Керей Жәнібек хандар көшесі жағынан Ұлы Дала көшесіне қарай бет алған «Тойота» маркалы көлікпен соқтығысты», - делінген хабарламада.
Соқтығыстан кейін, «Тойота» маркалы көлік инерция бойынша сол бағытпен келе жатқан тағы бір «Тойота» маркалы көлігімен соқтығысып, аударылып қалды. Жол-көлік оқиғасы салдарынан аударылып қалған «Тойота» маркалы көліктің жүргізушісі мен жолаушысы түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.