Өскемен полицейлері көпірден секірмек болған мектеп оқушысын аман алып қалды, деп хабарлайды Аltaynews.kz.
Полицияға Ертіс көпірінен секірмек болған жасөспірім туралы хабар таңтертең келіп түскен. Оқиға орнына полиция аға сержанты Жасұлан Бекболатұлы мен полиция лейтенанты Азамат Ибраимов дереу жеткен. Бұл уақытта төтенше жағдай қызметкерлері де келіп үлгерген екен.
Полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, тәртіп сақшылары мен құтқарушылар жасөспіріммен бір тілге келу үшін біршама уақыт жұмсаған көрінеді. Жарты сағат бойы тіл қатпаған 16 жастағы 11 сынып оқушысы, суықтап қалған қолдарын көпірден ала бере, аға сержант Жасұлан Бекболатұлы жасөспірімге жақын келіп, қолынан ұстап үлгерді.
– Қазір оқиғаның мән-жайы анықталуда. Жасөспіріммен психолог мамандар жұмыс істеп жатыр. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 105 бабы, үшінші бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, - деп мәлімдеді Полиция басқармасының баспасөз қызметі.