$ 510.08  539.61  5.15

Автокөлікті онлайн сақтандыруға қазақстандықтар неге құмар?

Көлік жүргізушілерін сақтандыру полисін онлайн рәсімдеуге ынталандыратын басты нәрсе – 10 пайыздық жеңілдік.

Жыл басынан бері Қазақстанда сұранысқа ие сақтандыру өнімі – міндетті автосақтандыруды онлайн сатып алуға болады. Алайда мамыр айының соңында Мемлекеттік деректер қоры сұранысты қабылдамағандықтан, бұл қызмет тоқтап қалған еді.  

Осы орайда «Курсив» сақтандыру компанияларынан сервис қызметі қайта қалпына келді ме және онлайн сақтандырудың тиімділігі неде екенін анықтап көрді.

Қысқаша айтсақ, бұл түйткіл мемлекеттік органдармен байланыс қызметіне қажетті қосымша қаржы 2019 жыл бюджетінде қарастырылмауынан туындаған. Қаржының жоқтығынан бірқатар мемлекеттік органдармен байланыс арналарының өткізу қабілеті төмендеп, нәтижесінде Мемлекеттік деректер қоры сақтандыру полисін онлайн рәсімдегісі келген клиенттердің жеке деректерін сәйкестендіру сұранысына жауап бермей қалды. Былай айтқанда, мемлекеттік база артық жүктемені көтере алмай қалған, ал шенеуніктер бұндай сценарийді қарастырмаған көрінеді. Сақтандыру компаниялары арасында жүргізілген сауалнама мәселенің әлі шешілмегенін байқатады. 

«Бірыңғай сақтандыру базасы мен Мемлекеттік деректер қорындағы деректерді сәйкестендіру барысында үнемі іркіліс туындап тұр. Бұл мәселе Мемлекеттік деректер қорымен байланыстыратын арнаның өткізу қабілетінің төмендеуінен туындаған. Сол себепті сақтандырылушылардың деректерін сәйкестендіре алмай отырмыз, онсыз барлық сақтандыру компанияларының сайтында электронды полис рәсімдеу мүмкін емес»,– дейді «Коммеск-Өмір» СК басқарма төрағасы Олег Ханин.

«Өкінішке қарай, жағдай әлі өзгерген жоқ. Онлайн сақтандыруда деректерді сәйкестендіру мүмкін болмай тұр. Міндетті сақтандыру полисін біздің сайт арқылы сатып алғысы келгенімен, Мемлекеттік деректер қорына кіруге мүмкіндік жоқ», – дейді «Еуразия» сақтандыру компаниясының атқарушы директоры Шәкір Иминов. 

«Нәтижесінде полисті рәсімдеу уақыты біршама ұзарады. Өйткені клиент туралы ақпаратты салыстыру үшін уақыт керек», – дейді Amanat сақтандыру компаниясының digital-маркетинг бойынша кеңесшісі Руслан Қалиғожин.

Ал «Freedom Finance Insurance» (FFI) сақтандыру компаниясы мемлекеттік деректер қорымен тиімді әріптестік орнатқандарын айтады: «Біздің сұранысымыздың барлығы жылдам өңделеді».

Көлік жүргізушілерін сақтандыру полисін онлайн рәсімдеуге ынталандыратын басты нәрсе –10 пайыздық жеңілдік. Жеңілдіктің жоғары шегі заңмен бекітілген, одан асыруға болмайды. Алайда сауалнамаға қатысқан компаниялардың барлығы жеңілдік беруге дайын емес. Клиент үшін бәсекеде жылдамдық пен ыңғайлы онлайн рәсімдеу ғана емес, сақтандыру төлемі мерзімінің қысқаруы да маңызды. 

«Заң бойынша азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру аясындағы төлем сақтандырушы құжатты алған уақыттан 15 күн ішінде түседі», - дейді Олег Ханин.

Дереккөз: kursiv.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары