Бүгін, 12 қыркүйекте Қарағанды қаласындағы тергеу изоляторында жаңа жыл түні болған "Древний Рим" мейрамханасындағы төбелес кезінде қаза тапқан адам өліміне байланысты іс қарала бастады. Прокурор айыптау актісін оқыды, деп жазады Азаттық.
Пышақталып мерт болған 23 жастағы Рахымжан Жансейіттің өліміне байланысты Юсиф Н. есімді азаматқа айып тағылған. Одан бөлек 12 азамат бұзақылық бабымен сотқа тартылған. Оның бәрі қазір тергеу изоляторында отыр. Тек бір азамат кепілмен босап шыққан. Сот материалында жәбірленуші ретінде 11 азамат көрсетіледі. Бірақ 12 қыркүйектегі отырысқа тек біреуі – қаза тапқан Рахымжан Жансейіттің әкесі келді.
Юсиф Н. төбелескенін мойындағанымен, Жансейітті өлтірді деген айыпты жоққа шығарды. Прокурордың сөзінше, күдікке ілінген азамат Жансейіттің бас жағы мен денесін, аяқ-қолын пышақтаған. "Азамат көп қан жоғалтқаннан мерт болды" дейді прокурор.
Айыптау тарабының дерегінше, мейрамханада басқалармен сөзге келіп, төбелесіп қалған соң бір топ жас сол маңнан кетіп қалмақ болған. "Бірақ қолына таяқ пен пышақ, көсеу ұстаған бір топ азамат олардың артынан қуып, ұра бастаған. Бірнеше адам пышақталған. Сотқа тартылғандар жерде жатқандарды да, қашпақ болғандарды да ұрған" дейді айыптаушы. Іс материалында "кім екені анықталмаған азаматтардың да төбелеске қатысқаны" айтылады. Айыптау актісінің осы тұсына жәбірленушілер де, сотталушылар да разы емес.
Айып тағылғандардың кейбірі төбелеске қатыспағанын, ажыратуға тырысқанын айтты. "Жақындарым мен өзімді қорғадым" дегендер де болды. Сотқа тартылғандардың бір бөлігі кінәсін мойындамады, кейбірі айыппен ішінара келісетінін айтты. Бірақ бәрі "қолдарында пышақ пен таяқ болды" дегенді жоққа шығарды.
Төбелес болған соң, 1 қаңтарда кешкісін Ресейге қашып кеткен Нарека Г. есімді азаматқа қатысты іс бөлек өндіріске жіберілді. Ол екі азаматты пышақтады деп күдікке ілінген. Күдікті әлі Қазақстанға экстрадицияланбады.
Ағайынды Васиф пен Юсиф Н. тергеу кезінде қысымға ұшырағандарын айтты. Олардың сөзінше, екеуін соққыға жығып, айыпты мойнына алып, бір-бірін кінәлауға мәжбүрлеген. Сот қысымға қатысты бөлек қаулы шығаратынын айтты. Судьяның сөзінше, алдын ала сот тыңдауы кезінде Каир Н. есімді азаматтың азаптауға қатысты айтқанын соң сотқа дейінгі тергеу басталған.
Бұл іс бойынша 50-ден аса куәгер бар. Үзілістен соң сот отырысы кешке дейін жалғасады.
Полиция болжамы бойынша, меймандарға мейрамхананың жабылатыны туралы айтылған ескертуден кейін бір-бірімен сөзге келісіп қалғандар есік алдына шығып төбелескен. Қантөгіспен аяқталған бұл оқиға қалада резонанс туғызып, Қазақстаннан тыс жерде де оқиғаға рекция танытқан. Оған төбелеске армян диаспорасы өкілдерінің қатысқаны жайлы мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде тараған ақпарат себеп болған. Қазақстан мен Армения биліктері бұл оқиғаны "тұрмыстық жанжал" деп атап, "оған ұлтаралық сипат беруге тырысудан бас тартуға" шақырған.