Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі арнайы мамандандырылған ауданаралық соты "Алматыда теракті ұйымдастырмақ болды" деп айыпталған Тәжікстанның жеті азаматын 12 мен 18 жыл аралығында бас бостандығынан айырды, деп жазады Азаттық.
Бұл ақпаратты 13 қыркүйекте кешке Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Сот хабарламасында жеті айыпталушыға "террористік топ құру", "теракті ұйымдастыру", "заңсыз жарылғыш заттарды дайындау", "заңсыз қару-жарақ сақтау" сияқты баптар бойынша айып тағылғаны, олардың кінәсі дәлелденгені жазылған.
Сот бұған қоса, барлық тәжік азаматтары жазасын өтеп шыққан соң Қазақстан аумағынан күштеп шығаруды үкім еткен. Бес жылға дейін олардың елге келуіне тыйым салған.
Іс материалдарына сәйкес, жеті азамат Ауғанстандағы "рухани ұстазының" кеңесімен "діни радикалдық сенімдеріне сүйене отырып" Алматыда теракті ұйымдастырмақ болған. Олар 2018 жылдың желтоқсан айы мен 2019 жылдың 10 қаңтар аралығында қаладағы Иверск-Серафимов монастыры мен Мәметова көшесіндегі "АТФ банкі" ғимаратында жарылыс жасауды жоспарлаған. Осы мақсатта қолдан жарылғыш заттар дайындаған. Алматыдағы пәтерлерін тінту кезінде тергеушілер "бомба мен жарылғыш зат бөлшектерін, Макаров пистолеті, түрлі оқ-дәрі, мылтық тәркілеген.