$ 449.3  489.69  4.89

Тоқаевтың «оралман» сөзіне қатысты ұсынысын депутаттар қолдамады

Көптен бері «Оралман» атауын «Қандастар» деп өзгерту жайлы айтылып жүрген. Мәжіліске де осы ұсынысымен кірген екен.

Кеше, 17 қыркүйек күні Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көші-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын талқылауға арналған төртінші отырыс өтті.

Осы отырыста қаралған мәселелердің бірі - «Оралман» атауын өзгерту туралы болды. Нәтижесінде депутат Қуаныш Сұлтанов пен Нұрлан Дулатбековтың ұсынысымен «Оралман» атауы «Бауырлас» деген сөзбен алмастырылатын болып шешілді.

Көптен бері «Оралман» атауын «Қандастар» деп өзгерту жайлы айтылып жүрген. Мәжіліске де осы ұсынысымен кірген екен. Тіпті мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі соңғы атаудың дұрыс екенін айтқан. Алайда депутаттар «қандас» сөзіне қырын қабақ танытып, «бауырлас» сөзіне бүйректері бұрды.

Бәріміз білетіндей, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сәуір айында «Егемен Қазақстан», «Айқын» газеттеріне берген алғашқы сұхбатында «оралман» деген сөзге қарсы екенін айтқан еді.

- Қоғамдық пікірге қозғау салған отандастар мәселесін қолдан саясаттандыруға болмайды. Шетелдегі қандастарымызды («оралман» деген сөзге мен қарсымын) Атамекенге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қандас­тары­мыздың басын туған жерде біріктіру – біздің парызымыз, - деген болатын Президент.

Мемлекет басшысы бұл ұстанымын кейін де бірнеше мәрте білдірді. Әсіресе маусым айында өткен президенттік сайлауы қарсаңында өзінің сайлауалды бағдарламасында шетелден келген қазақтарды «Қандастар» деп атауды ресми ұсынған еді.

- «Оралман» деп аталып жұрген тұрғындарымызбен жұмыс істейміз, оларды біздің қоғамымызға бейімдеп, жақын тарту үшін «Қандастар» деп атауды ұсынамын, - деген еді.

Оның үстіне, «Қандастар» атауы соңғы кезде бейресми түрде «Оралман» сөзін ауыстыра бастаған. Баспасөзде де, қарапайым жұрт арасында да шетелден көшіп келген қазақтарды қандастар деп атау қалыптасып үлгерген. Алайда депутаттардың құлағына бұл сөз жаға қоймаған секілді. Бұдан бұрын айтылмаған, жат «Бауырлас» атауын енгізіп жіберді. Бұл атау алғаш тәуелсіздік алғанда пайда болған «Оралман» сөзімен бірдей тың сөз болып отыр.

«Оралман» болсын, «Қандас» немесе «Бауырлас» болсын бәрі де шетелден келген қазақтарға уақытша ғана берілетін атау. Анықырақ айтқанда, өзге елден көшіп келген қазақ «Оралман» мәртебесін алып, Қазақстан азаматтығына қол жеткізгенге дейінгі уақытта ғана оралман саналады. Ал азаматтық алған соң кәдімгі ҚР азаматы болады. Демек, біздің билік үшін ең маңыздысы шетелден келген қандастарды қалай атау емес, қазақ еліне келген қазақтардың құжаттық мәселесін жеңілдетіп, қалаған уақытында ҚР азаматтығын алуына жағдай жасау болмақ.

Ендігі мәселе, депутаттар халық қалаған, президент ұсынған «Қандастар» атауынан неге қашты? Кезекті Мәжіліс отырысына көші-қон мәселелеріне байланысты отызға жуық ұсыныс енгізген Ауыт Мұқибек мырзаның айтуынша, «Қандастар» атауын депутаттар қолдамаған көрінеді.

- Біз де сол «Қандас» деген атауды жақтап, Президенттің ұсынысын Жұмыс тобының алдыңғы отырысында оқып беріп, депутаттардың есіне салдық. Неге екенін білмеймін, Халық қалаулылары «Қандас» сөзіне келгенде кібіртіктеп, баспай-ақ қойды, - дейді.

«Оралман» атауын өзгерту жайлы көптен бері айтылып жүрсе де, біздің Заң шығарушы орган қозғала қоймаған еді. Тек президент Тоқаев айтқан соң ғана осы істі қолға алды. Соның өзінде құлаққа сіңіп, сұранып тұрған «Қандас» сөзін емес, ешкім естімеген «Бауырлас» атауын қабылдап отыр.

Біздің ойымызша, бұл жерде депутаттар қазақтың соры болған «Көпұлтты Қазақстан» ұранынан ығып отыр. Себебі, «қандас» сөзі «қазақ» дегенді білдіреді. Ал «Еліміз — көпұлтты, көпконфессиялы ел» деп жалпылап жүрген қазақ билігі «ұлтшыл» болудан өлердей қорқады. Билік қана емес, қарапайым халық та «ұлтшыл» деген сөзден Кеңес одағы кезіндегідей жасқанады. Бұның бәріне сол баяғы «ұлттар достығы», «ұлттар теңдігі» деген жаттанды ұрандар кінәлі.

«Ынтымағы жарасқан көпұлтты» деген бір ауыз сөз үшін халқымыздың мүддесін құрбан етуден тайынбаймыз. Өзге ұлттардан мемлекеттік тілде сөйлеуді, баласын қазақша мектепке беруді талап етпек түгілі өз еліміз, өз жерімізде тұрып елді-мекендер мен көшелерге қазақша атау бере алмай жүрміз. Бұл аздай «Көпұлтты Қазақстан» деген ұран үшін енді қандастарымызды - қандас деп атай алмай, «бауыр» деп маймөңкелеп отырмыз...

Дереккөз: Abai.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары