19.09.2019, 01:10

Елімізде NASA орталығы ашылуы мүмкін

Сондай-ақ вице-министр конференцияда Қазақстандағы ғарыш саласын дамыту туралы да айтты.

Елордада ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш  өнеркәсібі  министрлігі Аэроғарыш комитетінің қолдауымен AgriTechHub Kazakhstan ұйымдастырған Жерді қашықтықтан зондтау бойынша халықаралық форум аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Жердегі өзгерістерді бақылау: Су, энергетика, азық-түлік қауіпсіздігі және Орталық Азия мен Кавказдағы тұрақты даму» конференциясына NASA штаб-пәтерінің өкілдері, Мэриленд штатының университеті, Мичиган штатының университеті, Эллададағы зерттеулер және технология орталығы (Грекия), «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының өкілдері қатысты. Халықаралық конференцияда Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Марат Нұрғожин сөз сөйледі. 

«Ғарыштан бақылау Жерді мониторингілеуде көп мүмкіндік береді. Бұл жерде бақылау мен навигация жүйесінің орбиталық және жер үсті компоненттерін құру ғана емес, қашықтықтан зондпен бақылауды тиімді пайдалануды ұйымдастыру, ғарыштық мониторинг жүйесін елдің әлеуметтік-экономикалық және инновациялық дамуын жеделдететін бағдарламалармен біріктіру әлдеқайда маңызды», - дейді вице-министр. 

Сондай-ақ вице-министр конференцияда Қазақстандағы ғарыш саласын дамыту туралы да айтты. Қазақстанда заманауи ғарыштық инфрақұрылым құрылды, ғарыштық жабдықтар мен технологиялардың отандық үлгілерін дамытуда үлкен жетістіктерге қол жетті. Олардың қатарында жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесі бар. Ол Жердегі ғарыш аппараттарын басқару кешені мен қашықтықтан зондтау ғарыш кемесінен мәліметтерді қабылдау және өңдеуге арналған жердегі мақсатты кешен екі оптикалық құрылғылардың құрамында сәтті жұмыс істейді. 

 

 

Тегтер: NASA