$ 494.87  520.65  4.91

Алматыда белгілі хирургке ескерткіш тақта орнатылды

Мемориал Төлебаев және Қазыбек би көшелерінің қиылысында орналасқан.

Алматыда белгілі хирург Нұртас Қазыбаевқа ескерткіш тақта орнатылды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Мемориал Төлебаев және Қазыбек би көшелерінің қиылысында орналасқан. Ол көрнекті хирург тұрған үйдің алдына қойылды. 

Салтанатты ашылу рәсімін Нұртас Қазыбаевтың жақын досы, ғалым Алмаз Шарман өткізді. "Біздің Нұртас өз заманының үздік хирургтарының бірі болған. Оны "халық академигі" деп атаған. Оның өмірі өте қысқа болса да, Нұртас артынан тамаша із қалдырды. Әріптестеріміздің арасында біз оны дарынды хирург деп атайтынбыз, емделушілер арасында - "қолы алтын адам", ал достардың арасында - жақсылық жаршысы", - дейді Алмаз Шарман.

Нұртас Қазыбаевты еске алуға жақындары мен белгілі ғалымдар, сондай-ақ, еліміздің мемлекет қайраткерлері жиналды. Айта кетейік, хирургтің мемориалы оның әкесі - журналист, жазушы және қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаевтың ескерткіш тақтасының жанында орнатылды. Академик Көпжасар Нарибаевтың айтуынша, Нұртас Қазыбаев өз халқының лайықты ұлы бола алған. 

"Нұртас, амал не, бізді ерте тастап кетті, бірақ артынан үлкен мұра, жақсы істер мен атын қалдырды. Нұртас әкесінің ұлы болып туса, өмірінің соңында бүкіл қазақ халқының ұлы болып кетті. Адамдар оны жақсы көретін. Шынында да, ол алтын қолды хирург еді. Ол өте күрделі оталарға білек сыбана кірісетін, ем жасауға өзінің барлық күші мен жан-дүниесін салатын. Ол скальпельмен ғана емес, жақсы сөздерімен де емдеген. Өкінішке қарай мұндай дәрігерлер өте аз", - дейді академик.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары