$ 449.58  486.94  4.86

Гонконгте шерушілер Қытай туын таптады

Оқиға орнына барған полиция қызметкерлері оларға көзден жас ағызатын газ шашты.

22 қыркүйекте Гонконгте шерушілер Қытай туын таптап, сауда орталығындағы бақылау камералары мен өзге заттарды сындырып, шақты. Оқиға орнына барған полиция қызметкерлері оларға көзден жас ағызатын газ шашты.

BBC-дің жазуынша, "рұқсат етілмеген акция" 22 қыркүйекте қаладағы New Town Plaza сауда үйінде бейбіт түрде басталған. Интернетте тараған видеода наразылардың Қытай туын таптап, қалдық жәшігіне салып, суға тастап жібергені көрінеді. Ақпарат бойынша, олар билікшіл кәсіпкерлер бизнесін бүлдіруге тырысқан.

Бұдан соң ОМОН жасақтары сауда орталығы мен оған жалғасып жатқан Шатин станциясын жапқан. Көшеде наразылар тротуарларды бұзып, өздеріне газ шашқан полицейлерге тас лақтырған. Шерушілер сауда орталығы алдында баррикада құрып, от қойған. Оқиғадан қанша адам зардап шеккені әзірге айтылмады. Бұған дейін шерушілердің Гонконг халықаралық әуежайында "наразылық өткізуге" тырысқаны жайлы хабарлама шыққан. Бірақ полиция қауіпсіздік шараларын күшейтіп, әуежай бағытындағы қозғалысты шектеген.

Қытай коммунистік партиясы 70 жылдығын атап өту қарсаңында Гонконгте наразылық жалғасып жатыр. Үш айдан астам уақыттан бері өтіп жатқан акция әуелі тұтқындарды Қытайға экстрадициялау туралы заң жобасына қарсылықтан туғанымен, уақыт өте келе белсенділер талабы көбейе түсті. Қазір олар Гонконг басшысын Пекин емес, қала тұрғындарының өзі сайлай алатындай құқық беруді, ұсталған наразыларды босатуды, толқу кезінде жұртты күшпен таратқан полицияның әрекетін тергеуді талап етеді.

Ал Пекин наразылық акцияларын "терроризмге ұқсайды" деп сипаттап, "тәртіпсіздік пен қауіп Гонконгтен Қытайдың басқа аумақтарына өтіп кетсе, шұғыл шара қабылдайтынын" айтқан. Бұған дейін Қытайдың Гонконг шекарасына жақын маңға әскер жібергені туралы хабар тараған.

Ұлыбритания Гонконгты 1997 жылы Қытайға қайтарып берген. Гонконг – Қытайдың ерекше әкімшілік аймағы болып саналады, бірақ "бір ел – екі жүйе" принципімен жүреді. Гонконгтың өз заңы бар, елдегі азаматтардың құқығы Қытаймен салыстырғанда жақсы қорғалады. Гонконг "қылмыскерлерді, я күдіктілерді экстрадициялау туралы" 20 елмен келісім жасасқан. Олардың арасында АҚШ, Ұлыбритания бар. Ал Қытай мен Гонконг бұл келісімді 20 жылдан бері талқылап келеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Гонконг