Жоба әзірлеушілерінің айтуынша, «ақылды қала» жүйесін енгізу тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға, коммуналдық қызметтерді үнемдеуге және өңірдің ең шалғай ауылдарын жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Smart City пилоттық жобасы аясында қалада қоғамдық Wi-Fi, жедел-жәрдемнің диспетчерлік қызметін автоматтандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтері деректерін бақылау, үлкен деректерді талдау сияқты жұмыстар жүзеге асады. Сондай-ақ жоба шағын аудандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі. Бүгінгі таңда қалада аулаларды бақылауға арналған 1500-ден астам камера орнатылған және алдағы уақытта олардың санын біртіндеп арттыру жоспарланған.
«Ақылды қалалар дегеніміз – бір жағынан қалада орналасқан жүйелер мен датчиктердің түрлі көрінісі. Екінші жағынан деректерді талдауға және сол мәліметтер негізінде адамдардың өмірін жақсартуға мүмкіндік беретін аналитикалық жүйе», – дейді «Қазақтелеком» АҚ корпоративтік бизнес бөлімінің сату жөніндегі директоры Леонид Муравьев.
Жиын барысында телеком-оператор өкілдері цифрлық жобалардың жүзеге асқан нақты мысалы ретінде Smart Aqkol жобасын үлгі ретінде ұсынып, өз тәжірибесін бөлісті.
«Мысалы, үйде орнатылған датчиктер су, электр және газ тұтынуды 25 пайыз үнемдеуге мүмкіндік берді. Ақылды қала тұжырымдамасы қоғамдағы сандық трансформацияны түсіндіреді», - дейді «Қазақтелеком» АҚ Корпоративтік бизнес дивизионының жаңа өнімдерін дамыту департаменті директоры Самат Имбаев.
«Қазақтелеком» АҚ мамандарының айтуынша, ақылды технологиялар қоғамның барлық саласына кезең-кезеңімен енетін болады.
Сонымен қоса «Ақылды қала» пилоттық жобасы жақын арада Ақтау, Түркістан және Арыс қалаларында енгізіледі.