26.09.2019, 10:50

Күдебаевтың ұлының өліміне кінәлі дәрігерлерге қатысты жаңа ақпарат пайда болды (ВИДЕО)

Алматыдағы білдей бір аурухананың бас дәрігері, әрі танымал хирург Қанат Тезекбаев бес күн бұрын, ал оның анестезиолог әріптесі Асқар Тұғышбаев одан үш апта бұрын қамауға алынған.

Алматыда Полиция департаментінің бастығы Серік Күдебаевтың ұлының өліміне кінәлі деп айыпталған ақ халаттылардың ісі жаңаша өрби бастады, деп хабарлады КТК арнасы. 

Белгілі хирург әрі қаладағы №4 аурухананың бас дәрігері қызметін атқарған Қанат Тезекбаев пен анестезиолог Асқар Тұңғышбаевтың ешбір дәйексіз тұтқындалғанын, тіпті, оларды кепілдікпен де босатпай жатқанын Тезекбаевтың әйелі айтып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ашық хат жолдаған болатын. 

АҚШ-та іс-сапармен жүрген мемлекет басшысы істің ақ-қарасын анықтауға тапсырма берді. Іле-шала аурухана басшысы да қолхатпен бостандыққа жіберілді. 

Алматыдағы білдей бір аурухананың бас дәрігері, әрі танымал хирург Қанат Тезекбаев бес күн бұрын, ал оның анестезиолог әріптесі Асқар Тұңғышбаев одан үш апта бұрын қамауға алынған. Бірақ дәрігерлердің бірінен соң бірі тұтқындалғаны туралы туыстарының президентке жазған хатынан соң ғана белгілі болды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраған бас дәрігердің әйелі тергеушілердің заңсыз әрекетіне шағымданған. Айтуынша, күйеуі Полиция департаменті басшысының ұлына ота жасаған. Аудандық прокуратурада орынбасар боп істеген жігіт квадроциклден оңбай құлап, жауырыны мен бұғанасын сындырған. Көп ұзамай ауыр жағдайда жатқан Нұрсұлтан Күдебаевты туыстары Германияға алып кетеді. Бірақ ондағы дәрігерлер де көмек бере алмай, жігіт есін жимастан көз жұмған. Енді 26 күн өткен соң барып, о баста ота жасағандарға тықыр таянып жатыр.  

«Нұрсұлтан Күдебаевтың өлімінен соң күйеуімді №4 қалалық аурухананың бас дәрігері қызметінен аяқасты босатып, қамауға алды. Тіпті, кепілдікпен шығаруға тыйым салып тастады. Нұрсұлтан Күдебаевтың бұғанасы мен жауырынына ота жасалғанда менің күйеуім тек ассистенттердің бірі болды. Одан бөлек, Күдебаев жүрегі тоқтап қайтыс болған. Ал ота оның бұғанасы мен жауырынына жасалды», - деді Қанат Тезекбаевтың әйелі.

Дина Тезекбаеваның айтуынша, тергеушілер күйеуінің өз қызметіне салғырт қарағанын, әрі Нұрсұлтанның өліміне кінәлі екенін дәлелдейтін дәйек келтіре алмапты. Дегенмен, тергеу мәліметі басқа. Сот берген бұлтартпау шарасында жігіттің өліміне медицина қызметкерлерінің тікелей қатысы бар делінген.

«Осы тұлғалар ҚР ҚК 317-бабы 3-бөлігімен, яғни медицина жұмыскерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы, яғни абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекеттер бабы бойынша күдікті болып саналады», - деді Алматы қалалық соты баспасөз қызметінің жетекшісі Диас Махамбетов.

Президенттің мәлімдемесінен кейін аурухана басшысы бірер сағаттың ішінде бостандыққа жіберілді. Бірақ генерал-майордың ұлының өліміне басты айыпталушылардың бірі Қанат Тезекбаев тергеу аяқталмайынша қаладан ешқайда кете алмайды. Яғни, екі дәрігерден де тағылған айыптауды ешкім алған жоқ.