$ 494.87  520.65  4.91

Ұлы Абайдың тілі заң шығару тілі бола алмайды деп кім айтты? - сенатор Мұрат Бақтиярұлы

Сондай-ақ, ол министрліктер мен ведомстволар қызметкерлері пысықталмаған әрі тексерілмеген материалдарды жібере салатынын айтты.

Сенатор Мұрат Бақтиярұлы Парламентте елдегі заң мен құжаттар ең бірінші қазақ тілінде жазылуы керек деп айтты, деп жазады Holanews.kz.

Мұрат Бақтиярұлы Парламентке ратификациялауға келіп жатқан заң жобаларының, олардың қосымшаларындағы халықаралық құжаттардың мемлекеттік тілдегі нұсқаларындағы сапасыздықты айтып өтті. 

Сондай-ақ, ол министрліктер мен ведомстволар қызметкерлері пысықталмаған әрі тексерілмеген материалдарды жібере салатынын айтты. 

«Осы уақыт ішінде мемлекеттік органдар мамандары терминдік қолданыстар мен стильді меңгеретіндей болды. Бірақ меморгандар қызметкерлерінің қазақ тіліндегі халықаралық құжаттарды Парламентке қатесіз жіберуге шамасы әрі ынтасы жоқ сияқты. Тіпті, кейбір жағдайларда құжат жобаларының қазақ тіліндегі мәтіні мен орыс тіліндегі мәтіні мазмұны жағын бір-біріне сәйкес келмей жатады. Мемлекеттік заңдар алдымен сол елдің өз тілінде дайындалып, содан кейін ғана қажет болса, орыс тіліне аударылуы керек», - деді депутат. 

Оның айтуынша, қазақ және орыс тілдеріндегі құжаттардың мәтіндері мазмұны жағынан бір-біріне сәйкес келмейді, қазақ тілінің грамматикалық және стилистикалық нормалары сақталмайды.

«Осы себептен бір құжатты бірнеше рет көруге тура келеді. Бұрынғы кеңестік елдердің барлығында заңдар бұрыннан өз тілінде әзірленген. Қазақ тілі, ұлы Абайдың тілі заң шығару тілі бола алмайды деп кім айтты?. Сот төрелігін айтқан билердің тілі бүгінгі таңда заң шығару тілі болуы тиіс», - деді Мұрат Бақтиярұлы.

Өз кезегінде сенат спикері Дариға Назарбаева осы мәселеге қатысты ойын білдірді.

«Иә, бұл жерде проблема бар. Бірақ шындығын айтсақ, бұл мәселеге ешкім кінәлі емес. Қазақтардың өздері белгілі бір сөзді қалай дұрыс айту керегін түсіне бермейді. Ал біздің ғалымдар болса, күнделікті тәжірибеде осы сөздермен жұмыс жасайтын адамдардан не талап ететінін білмейді», - деп түсіндірді ол.

Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп те Мұрат Бахтиярұлымен айтқанымен толықтай келісетінін жеткізді. 

«Еліміздегі кез келген заңның сапасы бірінші кезекте дұрыс болуы керек. Қабылданған заң жұмыс істеуі тиіс, ол үшін заңның тілі жұмыс істеуі керек. Аударма арқылы қабылданған заңның жүзеге асуы, өмірде қолданылуы өте қиын. Сондықтан кез келген заңды қабылдау кезінде мемлекеттік тілді құрметтеуді өтінер едім», - деді Нұртөре Жүсіп.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары