«Біреулер сәуегейлік танытып, «Салафизим – Қүдай берген қасиетті іс» дейді. Бұл дұрыс емес. Мен жаман жақтары мен жақсы жақтары жайлы айтқым келеді. Иә, діннің сыртқы сипатына басымдық беріліп, нағыз ішкі рухани жағына зияны тиді. Имандылық жайлы айтылмай, сақал өсіру жайлы үгіт-насихат белсенді жүргізілді. Шындығында киім сияқты сыртқы мәселелер маңызды емес.
«Уағыз» деген желеумен халықты «дін ұстанатындар» мен «дін ұстанбайтындарға» бөлді. Әсіресе жастар арасында. Салафизм шейхтері «теледидар харам» деп пәтуа берді, алайда өздері онда сөйлеуге қарсы болмады. «Теледидар көруді, фотоға түсіп, ән айтуды харам» деді. Салафизим насихаты кезінде тойлар қаралы жиынға айналды.
Мейрамда қуану, қайғыда мұңаю керек. Міне дұрыс ислам осы.... Біз пайғамбарлар емеспіз ғой. Сөзден де, істен де қателесеміз. Уақыт өте келе, жасымыз ұлғая, жаңа білім қосқан соң мұның бәрі қателік екенін түсіндім. Салафизимде осы кемшіліктер бар. Салафизм қозғалысының қателігі – оның үндеуінің қатыгездігі. Мұның бәріне себеп – Сауд Арабиясы корольдігі мүфтиятының үлкен ғалымдары кеңесінен алшақтау, тәжірибенің, білімнің жоқтығы.
Біздің үндеуіміз ізгілікті, рақымды дінге қарсы келдік, адамдарға қысымшылық келтірдік. Сауд Арабиясы корольдігі халқы алдында салафизим қозғалысы атынан кешірім сұраймын».
Бұл салафизм бағытындағы көрнекті тұлғалардың бірі шейх Аид әль –Карнидің сөзі. Бұдан шығатын түйін не? Әлемдік қауіпсіздікке үлкен қатерін төндірііп отырған қозғалыстың белді басшыларының бірі ақыры өз қателігін мойындады. Уақыт өте келе мұсылман әлемінен кешірім сұрады. Бірақ енді кеш. Неге? Өйткені бұл қозғалыстың қылмыстық әрекеттері қазір ғаламды кезіп жүр. Қаншама азаматтар шейх айтқандай, білімдерінің таяздығынан осы ағымға еріп, соқыр сенімге бой ұрды. Бұл әсіресе жастарға тән. Қаншама жастар ағайын-туыстан жеріді, ата- анадан іргесін аулақ салды. «Теледидар харам» деп, олар осылай адасты. Оған кім кінәлі? Әрине, өзіміз. Жоқты-барды, ақты-қараны нақтылап уақытында көрсете алмадық. Сондықтан ертелі-кеш болсын, мәселенің ақ-қарасын ажыратып отыратын, діни уағыздың қаншалықты дұрыс бағытта екенін бағамдап, сараптап отыратын әр уақытта маман керек. Жалпы бұл жайтты қарапайым мысалмен келтірер болсақ, жастардың дұрыс діни жолда келе жатқанын айтып отыратын көкірегі ояу қарт қажет. Ауыл ақсақалы керек. Ауылдан, орта мектептен түлеп ұшқан бала ес жияр шақта қалаға келген сәтте, жоқ нәрсенің орнын рухани азық ретінде дінмен толтырғысы келеді. Ал діннің бәрі діңгек пе?! Негізі «баланы жастан», деп бекер айтпаған ел едік қой.
Рухани жаны терең, жады мықты, отаншылдық рухпен тәрбиеленген бала немесе отбасында қазақы тәрбиені бойына терең сіңіріп өскен жас ешқашан адаспайды. Бөгде ағымның жетегінде кетпейді. Ендеше, кейбір жастар неге қателеседі? Бұл қазіргі кезеңде қазақ үшін өткір түйінді проблемаға айналып отыр. Дәстүрлі діннен ауытқып, көрінген ағымның жетегінде жүрген жастарды қалай өзіміздің ұлттық танымға қайтара аламыз? Расында да мұның қандай себептері бар? Кеше ғана қаймағы бұзылмаған, өзіміздің дәстүрлі діннен еш айнымаған ел едік қой.
Әрине, дін адамның жан дүниесін екі дүниеде рахатқа бөлейді. Дін жұмыр басты пенденің жан дүниесіне рухани тұрғыдан тірек болады. Бірақ «діни бағытты біржолата ұстанамын» деп, соқыр сенімге алданып қалмауымыз керек. Діни сенім қазақтың салт-дәстүрімен ұштасып жатса, адам баласы ешқашан адаспайды. Әрине, кейбір ағымға еріп, өз жолынан шалт кетіп жатқандар да бар. Оларды бәрібір мемлекет қайтадан қамқорлыққа алады, қолдайды, дұрыс жолға түсіреді. Бір ғана мысал, кезінде соқыр ағымға еріп, Сирия асқандарды Қазақстан мемлекеті соғыс майданында қалдырған жоқ. Ақыры кері қайтарды. Біразы шет елде Сирияда өлді. Не үшін өмірден өткендерін өздері де түсінбей кетті. Алданды, опық жеді, тірі қалғандары кері қайтты. Жыл басында Елбасының тапсырмасымен «Жусан-1» операциясы жүзеге асты. Алғашқы операция барысында Қазақстанның 47 азаматы елге оралды. Ал бірнеше айдан кейін «Жусан-2» операциясы аясында Сириядан Қазақстанның 231 азаматы елге жеткізілді. Олардың 159-ы – балалар екенін айта кеткен жөн. Ал «Жусан-3» операциясының үшінші кезеңінде Сириядан 67 әйел, 171 бала Қазақстанға келді.
Әрине, олар елге оралды. Енді еңсесін тіктер. Бірақ алды алты-жеті жыл, соңы екі-үш жыл сырт елде соғыста жүріп, санасы уланғандарды қайтадан қалпына келтіруге қаншама күш-жігеріміз кетеді? Ең қиыны да осы. Біз қан майданда діни фанатизммен санасы уланған ата-ананың қаракөз балаларын қайтадан қазақтың баласы ете аламыз ба? Күйеулері Сирияның оқтын-оқтын оқтың даусы естілген даласында опат болғаннан кейін елге оралғандардың арасында бес-алты рет күйеуге тиіп, ұл-қыз тапқан жас аналар да бар. Біз олардың балаларын қазақ дей аламыз ба? Жанын, санасын қалай тазарта аламыз, ол балалардың?!. Олардың әкелері неге жаза басты? Ойланарлық жайт. Біз оны сараптап, бағамдап, жатырмыз. Енді ғана. Біраз уақытымызды өткізіп алдық. «Қазақстан қазір әртүрлі діндер мен этностар мекен еткен ел. Басты байлығымыз да – тұрақтылық. 130-дан астам диаспоралар мен 18 конфессия өкілдері мекен еткен мұндай ел әлемде жоқ» деп үш жыл сайын Қазақстанда өтетін әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі алдында мінберден сөз сөйлеп, мақтанамыз. Керек пе, мақтан! Қай жерде бізден қателік кетті? Зерттеп көрейік...
1.Біз кешегі күнге дейін «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» ескі Кеңес Одағынан қалған заңмен өмір сүріп келдік.
2.Нақты айтсақ, 1992 жылдың 15 қаңтарындағы қабылданған ескі заңға тек қана 2011 жылдың қазанында ғана толықтырулар мен өзгерістер енгіздік.
3.Кеңес Одағынан қалған ескі заң 20 жыл бойы сырттан келген діни ағымдарға тосқауыл бола алмады. Олар елге еркін кірді, өз миссиясын атқарды.
4.Халықтың арасына жік салды.
5.Ұлттық сананы улады.
6.Ондаған діни ұйымдар мен ағымдар елімізде еркін жүріп, өз миссиясын атқарды. Оларға ешкім кедергі жасаған жоқ. Еркін қызмет етті.
7.Тек 2000 жылдардан кейін ғана есімізді жия бастадық. Еліміздегі көбейіп кеткен діни ағымдардың қызметін қайта зерттеп, тіркеп, бақылауға алуға тырыстық.
8.Соның нәтижесінде 2004-2014 жылдар аралығында сот шешімімен «Шығыс Түркістандағы исламдық қозғалыс», «Өзбекстандағы исламдық қозғалыс», «Күрд Халық Конгресі», Асбат аль-Ансар», «Мұсылман бауырлар», «Талибан» қозғалысы,«Орталық Азиядағы Жамаат моджахедтар», «Лашкар-е-Тойба», «Әлеуметтік реформалар Қоғамы», «АУМ Синрикё», «Шығыс Түркістанды азат ету ұйымы», «Түркістан ислам партиясы», «Хизб-ут-Тахрир» діни-саяси партиясы, «Алла-Аят» ұйымы, «Ата жолы», «Ат-такфир уаль-хиджра» халықаралық ұйымы мен басқа да діни ағымдардың қызметіне Қазақстанда тыйым салынды.
9.Бұл ғана емес, тәуелсіздіктің алғашқы 10-15 жылында Қазақстан жастары Сирия, Сауд Арабиясы, Түркия, Пәкістан, Иран, Египет және басқа да мұсылман елдеріндегі діни оқуларға түсіп елге оралды. Әрине, оң-солын әлі танып үлгермеген жас бала қай діннің ағымынан сабақ алса, соны елге таратады. Мемлекеттік бақылаудың жоқтығын пайдаланып, олар Қазақстанда өз уағызын белсенді жүргізді. «Дінді хақ, ақиқат жолы» деп түсінген жастар осылай әртүрлі ағымның жетегінде кетті. Дінаралық көзқарастың көбеюінен үйленген талай жастың шаңырағы ортаға түсті.
10.Олардың бетін қайтарып, Әбу Ханифа мазһабына негізделген ислам діні ғана қазаққа жақын екенін түсіндіріп беретін ешкім болмады.
11.Біздің бағытымыз Әбу Ханифа мазһабы мен қазақтың салт – дәстүрі, әдеп-ғұрпы екендігін ұғындырып беретін имам мен молда да аз еді, сол кезеңде олар аса сауатты да болған жоқ.
12.Мемлекет дінді үнемі бақылап отыру қажет екендігіне ерекше назар аудармады. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы өз пәтуасын ашық айта алмады.
13.Соның салдарынан әсіресе, жастар арасында әртүрлі ағымдар мен діни фанатизмге бас ұрушылар көбейді.
14.Тәуелсіз мемлекетімізде толыққанды ұлттық иделогияның болмауы діни ағымдардың кеңірек өріс алуына жол ашты.
15.Алматы, Астана және Ақтөбе қаласында орын алған діни экстремистік және террористік оқиғалардан кейін ғана біздің оқиғадан сабақ алуымызға тура келді.
16.Біз дін мәселесінің жастардың санасын улай бастағанына көзіміз жеткеннен кейін ғана барып, 2011 жылдың күзінде қайтадан «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заң қабылдадық. Жастарды шетелдің діни оқу орындарына жіберуге тыйым салдық.
Жалпы дін мәселесі ол – өте нәзік. Абайламаса, бақыламаса болмайды. Тарихтан белгілі, дінаралық соғыс талай мемлекеттің іргесін шайқалтқан. Отбасындағы дінаралық сан алуан көзқарас талай шаңырақты ортасына түсірген. Бала әкеден безіп, ата мен ана көз жасын көлдей қылған. Мұның барлығы мемлекеттік бақылаудың болмауынан, отбасында ұлттық құндылықтардың олқы соғуынан орын алды. «Қай жерде қателік жібердік?» деген сауалға берер жауап осы. Қазір Аллаға шүкір, мемлекет тарапынан бақылау бар. Жастар да діни ағымдардың сан алуан саясатын, мәселенің ақ-қарасын аңғара бастады.
Біз мақаланың басында салафизм бағытындағы көрнекті тұлғалардың бірі шейх Аид әль –Карнидің ғалам жұртшылығынан кешірім сұраған пікірін бекер келтірген жоқпыз. Біздің арамызда адасып жүрген жастар жоқ емес. Демек әлі де қатаңдық керек. Мысалы, қай заманда қазақ тобықтан жоғары шолақ шалбар киіп, шоқша сақалмен жүріп еді?! Қазақтың қай әйелі бет-аузын тұмшалап, көзін ғана сығырайтып бүркеніп жүріп еді?! Қысқасы, қартың мағыналы сөз айтатын мақалшыл болмаса, онда жасың келте ойлайтын сақалшыл болады.
Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың (2017 жылдары) Қазақстан дінтанушыларының VII форумынының ашылуында қоғамдағы шынайы көріністі нақты айтқаны бар.
––«Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» 1992 жылғы Заң дінді насихаттауға шексіз мүмкіндіктер берген. Жиырма жылдың ішінде шетелдік миссионерлердің ықпалы күшейді. Заңсыз діни қызметтің көрсеткіштері жыл сайын өсіп отырды. Радикалды исламның алғашқы өкілдері пайда бола бастады. Конфессиялар арасында қарама-қайшы бақталастық күшейе түсті. Өз дінін күштеп таңу фактілері жиілеп кетті. Тіпті дінді саяси мақсаттарда пайдалану үшін әрекеттер де жасалды. Мысал үшін ислам негізінде саяси партия құруға ниеттенді бір топ азаматтар. Осындай жағдайларда 2011 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа Заң қабылданды. Бұл Заң діни қызметті құқықтық реттеудің бірқатар маңызды аспектілерін белгілеп берді. Кейбір адамдар мемлекет ұстанымына қарсы шықпаймыз, Елбасының саясатын қолдаймыз» деп айта тұра, бірақ, мәселен, мектеп киім үлгісін сақтау туралы нормативтік құқықтық актілерді бұзады. Заң талаптарына қарамастан өздерінің діни бірлестіктерін тіркеуден әдейі бас тартады, діни уәждерімен екпе егуден, қан құюдан бас тартады, интернеттен шетелдің радикалды дін уағыздаушыларының дәрістерін жүктеп таратады.
Елбасымыздың Қазақстан халқына және салт-дәстүрлеріне жат сыртқы көріністерге жол бермеу туралы айтқандарына қарамастан басқа елдерге тән қара киім кию, сақал қою, қысқа шалбар киюді жалғастыруда.і, – деді сол кезде Дін істері және азаматтық қоғам министрі болған Нұрлан Ермекбаев.
Ең қауіптісі, кез келген ішкі, сыртқы топтар саяси күресте билік үшін осындай радикалданған сақалдыларды пайдаланып кетуі де мүмкін. 2011 жылғы Ақтөбедегі лаңкестік әрекеттерге сыртқы ДАИШ секілді халықаралық террористік ұйымдардың ықпалы зор болды. Бұл «келте балақ, шоқша сақалды» жастарға ғана қатысты емес. Біз мұны «қауіп еткеннен айтамыз». Тек кейін «қай жерде қателік жібердік?» деп жүрмейік. Бір ғана мысал, Алматының оншақты базарын бір шолып өтіңізші, 20-25-тегі жастардың шолақ келте шалбар киіп, шоқша сақал қойып, діннің шолақ белсендісі болып жүргенін көзіңіз көреді.
Дін жолын ұстама демейміз, бірақ сіздің діни көзқарасыңыз мемлекеттің ұлттық саясатымен және өзіңнің отбасылық құндылықтарымен біте қайнасып жатуы керек. Сонда ғана мемлекеттің іргесі нығаяды, отбасының құндылығы артады, ынтымағы жарасады. Біздің айтпағымыз да осы...
Берік Бейсенұлы
Дереккөз: Qamshy.kz