Арыстағы жойқын жарылыстан кейінгі қорқыныш сейілмей жатып, балаларымыздың денесіне жара шыға бастады деген аналар, бүгін әкімдік маңына жиналды. Алдымен жарылыс, кейін полигондағы жалғасып жатқан оқ - дәріні залалсыздандыру жұмыстары, барлығы қосылып Арыстың ауасын әбден ластап бітті дейді олар. Бұл туралы 31 арна хабарлайды.
«Өмірімде басыма жара шықпаған. Енді жара шықты. Қандай жара екенін дәрігерлер де түсінбейді», - дейді тұрғындардың бірі.
Арыстық аналар балаларының денесінде қаптаған жараларға алаңдайтынын айтады. Дәрігерлердің ем-домынан кейін де толық жазылмай отыр, дейді. Олардың сөзінше, балалардың басы, мойны, денесі мен аяғында жара шыққан.
«Арысқа кіргеннен кейін бес балама жара шығып ауырды. Тері аурханасына 5 рет бардық. Бір-біріне жұға берді. Тіпті, бір айлық бөпеме де жұқты», - дейді бес баланың анасыАйнаш Әлиасқарова.
Сондай-ақ, аналар балаларының іші ауыратынын айтып шағымданатынын жеткізді. Тіпті, дәрісіз жазылмайтын жағдайға жетті деген тұрғындар «дәріні бере-бере иммунитетін құртамыз ба» деп алаңдайды.
Ал дәрігерлер динамика қалыпты, өсім жоқ екенін жеткізді.
«Бұл, халықтың тілімен айтқанда, су жара деп аталады. Ата-бабаларымыз оны қауын жара дейтін. Қазіргі уақытта сондай жара шығып жатыр. Қазір басылды», - дейді Арыс қалалық ауруханасының бөлім меңгерушісі Ғаппар Төлебаев.
Сонымен қатар дәрігерлер іш ауруы бойынша да өсім жоқ екенін айтады. Олар аурухананың толы болуын жеміс-жидекті күз маусымымен байланыстырды. Көбіне жеміс-жидекті жумай жей салатын адамдардың салғырттығынан, дейді.
Дереккөз: Матрица